Елорда жаңалықтары

Максим Споткай: Бұл – қазақ мемлекеттілігінің қайта жаңғыруының нышаны

Күнтізбеден мейрам ретінде алынып тасталған 25 қазан 2022 жылы ресми мәртебесіне қайта ие болды. Сол уақыттан бастап елімізде Республика күні мейрамы қайта жанданды. Биыл ұлттық мереке мәртебесінде бұл мейрамды қазақстандықтар үшінші рет атап өтеді. 13 жыл бойы елеусіз қалған осы күнді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қайта жаңғыртты. Осылайша бұл ел үшін атаулы күнге айналды. Мейрамның мән-маңызы туралы Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Максим Споткай Elordainfo.kz тілшісіне айтып берді.

«Республика күнінің мереке ретінде қайта оралуы – тарихи әділеттілікті қалпына келтіру. Бұл айтулы күн Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қайта мереке ретінде бекітілді. Мемлекет басшысы өз сөзінде былай деген: «Бұл – қазақтың мемлекеттілік дәстүрі қайта жаңғырған тарихи күн. Көк түріктер дәуірінен, Алтын Орда, Қазақ хандығы заманынан келе жатқан елдігіміз тамырын тапқан күн. Бұл – Алаш арыстарының азаттық жолындағы арпалысы ақталған күн», - деді спикер.

1990 жылы Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданып, еліміздің тәуелсіздікке қарай қадам басқан алғашқы кезеңі басталды. Сол кезден бастап мемлекеттік биліктің жаңа институттары қалыптаса бастады.

«Егемендік туралы Декларация – Қазақстанның жаңа мемлекеттілігін құрудағы құқықтық негіздердің бірі болды. Бұл Декларация сол кездегі Жоғарғы Кеңес, яғни Парламент арқылы қабылданды. Бұл оқиға еліміздің тарихындағы ең жоғарғы өкілетті билік органының маңыздылығын айқын дәлелдейді. Бүгінгі күнде біз Қазақстанның жаңа егеменді мемлекет ретінде қалыптасуының 34 жылдығын атап өтіп отырмыз. Бұл күн – қазақ мемлекеттілігінің қайта жаңғыруының жарқын нышаны. Баршаңызды Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын, еліміз гүлдене берсін!», - деді Максим Споткай.