Елорда жаңалықтары

"Маған пәтер сыйлаңдар": Астанадағы ірі сауда орталығында ер адам іш киіммен жүремін деп сотты болды

Астанада Mega Silk Way сауда ойын-сауық орталығында перформанс жасаған ер адам 15 тәулікке қамауға алынды. Ол дәретханадан тек іш киіммен жүгіріп шығып, қолына «Маған пәтер сыйлаңдар» деген жазуы бар плакат ұстап, дәл сол сөзді айқайлап сауда орталығы ішінде жүгірген, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Сот дерегінше, оқиға 2025 жылғы 21 қазанда болған. Ер адам бұл қылығының себебін Беларусьтің трэш-стримерінің «тапсырмасын» орындаумен түсіндірді. Айтуынша, стример «пәтер ұтысын» жариялап, қорлайтын немесе қауіпті әрекеттер жасауға дайын адамдар арасында «жүлде ойнатқан».

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі Астананың мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты қарады. Сот ер адамның әрекетін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы 1-бөлігі бойынша «ұсақ бұзақылық» деп таныды.

Ол өз кінәсін мойындап, пәтер ұтып алу үшін осындай әрекетке барғанын айтты. Сот оның өкінуін ескеріп, 15 тәулік әкімшілік қамау жазасын тағайындады. Қаулы әзірге заңды күшіне енген жоқ.