«Маған екінші өмір сыйлады»: донорлық бүйрекпен өмір сүріп жүрген астаналық
Астана тұрғыны Анар Шаймергенова ауыр диагноздан кейін бүйрек трансплантациясы арқылы өмірін қайта жалғады. «Бұл мен үшін екінші мүмкіндік», – дейді ол. Бүгінде Анар өз тәжірибесін бөлісіп, трансплантацияға зәру жандарға үміт сыйлауда, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
2022 жылы трансплантация арқылы екінші өмірге ие болған Анар қазір толыққанды ғұмыр кешіп жүр. Оның айтуынша, бұл шешім – оны өлімнен арашалап қалған үлкен мүмкіндік. Бүгінде ол – қызының анасы, кәсіби маман және өзгелерге үміт сыйлайтын тұлға.
«Менің диагнозым бала күнімнен басталған. Ангина салдарынан бүйрегім зақымданып, ұзақ жылдар емделдім. Бірақ бір бұзылған бүйрек қалпына келмейді екен. 2018 жылы диализге отырдым – бұл аппарат менің өмірімді төрт жылға ұзартты. Алайда диализ ем емес, ол – трансплантацияны күту үшін уақыт ұтатын амал ғана», – дейді Анар.
Астана тұрғыны төрт жыл бойы күн сайынғы ауырлықты сезінген. Ол кезде өмірі толықтай аппаратқа тәуелді болғанын еске алады. Су ішудің өзі рұқсат етілмеген, ал қан қысымы 200-ден түспеген сәттері болған. Ағзадан ештеңе бөлінбегендіктен, токсин жиналып, күн сайын күйзеліс артқан.
«Сол уақытта тек бір ғана үміт – трансплантация болды», – дейді ол.
2022 жылы ақыры күткен трансплантация жасалды. Донорлық бүйрек жаңа өмірдің бастауы болды.
«Басқа адамның арқасында қайта өмір сүріп жатырмын. Кейде қиындықтар болғанда, өзіме «жоқ, мен тек өз өмірімді емес, донордың да өмірін жалғастырып жүрмін» деп қайрат жинаймын», – дейді ол.
Диализ – жай ғана техникалық шара. Ем емес. Қазақстанда бүгінде 12 мыңға жуық адам бүйрек жетіспеушілігінен зардап шегеді. Олардың қатарында балалар да бар.
Анар: «Мұндай жағдайды болдырмау үшін жыл сайын профилактикалық тексеруден өту қажет: қан мен зәрдің жалпы анализі – қарапайым, бірақ маңызды қадам» – деп кеңес береді.
«Жүрегімнің жеңімпазы» – тек жүгіру емес, үміт пен қолдаудың символы
10 тамыз күні елордада өтетін Jüregimniñ Jeñimpazy қайырымдылық жүгіру марафоны трансплантацияға мұқтаж жандарды қолдау мақсатында ұйымдастырылады. Бұл марафон – мыңдаған адамды ортақ мақсатта біріктіретін әлеуметтік қозғалыс.
Қазіргі кезде Қазақстанда трансплантацияны күтіп тұрған 4 226 пациент бар. Олардың 128-і – балалар. Акцияны ұйымдастырушы қордың директоры Мұрат Зауыров:
«Қоғамдық жүгіру – бірлік пен жанашырлықтың тілі. Олар қоғамда маңызды мәселелерді талқылауға мүмкіндік беріп, донорлыққа деген көзқарасты өзгертуге сеп болады. Біздің жүгіріс – жай ғана спорттық шара емес, ол адамдарды, бизнесті және медианы біріктіретін қуатты әлеуметтік қозғалысқа айналды», – деп атап өтті.
Жүгіруден түскен қаражат трансплантолог-дәрігерлерді оқытуға, қайырымдылыққа жұмсалады. Тіркеу онлайн түрде жүргізіледі, ал қатысушылар EXPO аумағында марафонға қатысады.
Мәйіттік трансплантация 7 адамның өмірін сақтай алады
Анар Шаймергенова өз тәжірибесінен бөлісе отырып, мәйіттік трансплантацияның маңыздылығына ерекше тоқталды:
«Бір донор жеті адамның өмірін құтқара алады: бүйрек, бауыр, жүрек, өкпе, көз мөлдір қабығы… Өкінішке қарай, бізде көп адам трансплантациядан қорқады, дұрыс ақпарат жетіспейді. Шын мәнінде, бұл заңмен реттеледі. Донор болуға 100-ден астам маман қатысады. Бұл жерде мүшені ұрлау немесе сату туралы әңгіме болуы мүмкін емес», – дейді ол.
Қазақстанда 2012 жылдан бастап жүрек трансплантациясы жасалып келеді. 13 жылда 104 жүрек алмастыру операциясы сәтті өтті. Аз көрінгенмен, бұл – 104 отбасының өмірін сақтап қалған шешім.
Үміт үзілмейді – ақпарат беру маңызды
«Менің тағдырымда туыстарым қан тобымен сәйкес келмеді. Әкем қайтыс болған, анамның жасы үлкен. Сол себепті донор болу мүмкін болмады. Бұл мәселені қоғам түсінуі керек: әр адам біреуге үміт болуы мүмкін. Әр ата-ана өз баласына көмектесе алмайды, себебі генетикалық сәйкестік, қан тобы – бәрі маңызды», – дейді ол.
Анар жақындарының, достарының қолдауын сезінген. Бүгінде ол қоғамда трансплантацияға қатысты дұрыс көзқарас қалыптастыру үшін ақпарат таратып жүр. Оның ойынша, TikTok, Instagram секілді платформалар арқылы адамдарға үміт сыйлау әркімнің қолынан келеді.
«Жан-жақты ақпарат берілсе, адам өзі шешім қабылдай алады. Қысым жасау емес, түсіндіру керек. Дұрыс ақпарат – дұрыс шешімге жетелейді», – дейді ол.
Сара Қамзаева