Елорда жаңалықтары

Мәслихат отырысында МӘМС мәселесі көтерілді

Бұл туралы Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов өзінің Instagram парақшасында жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«МӘМС және денсаулық сақтау басқармасына қарасты мекемелердің кредиторлық қарыздары мәселелері бүгін мәслихат отырысында талқыланды. Жүйелі түрде шешуді талап ететін бірқатар маңызды мәселелер көтерілді. Өткен жылмен салыстырғанда барлық денсаулық сақтау нысандарында жалған көрсеткіштер саны айтарлықтай өсті, бұл консультациялық-диагностикалық қызметтер көрсету, стационарлардың жұмысы және басқа да көптеген салаларды қамтиды. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына кінәлілерді жауапкершілікке тарту бойынша шаралар қабылдау, оның ішінде айыппұл төлеуден бастау тапсырылды», - деді Ерлан Каналимов.

Ол, сондай-ақ, көптеген шағымдар медициналық қызметтердің сапасына байланысты екенін, бірақ олардың тек бір бөлігі жедел түрде шешілетінін айтты.

«Елордалық денсаулық сақтау ұйымдарының кредиторлық қарызы көбінесе дәрі-дәрмектерді артық сатып алумен, медициналық мақсаттағы бұйымдармен, «қабынған» штаттармен және бірінші басшылардың қаржылық сауатсыздығымен байланысты. Заң бұзушылықтарды жою бойынша іс-шаралар жоспарын дайындауды тапсырдым», - деді Астана қаласы мәслихатының төрағасы.