Елорда жаңалықтары

Мәслихат депутаттары Sana орталығының жұмысымен танысты

Астана қаласы мәслихаттары «Sana Sport» спорт кешені мен «Sana Education» білім беру орталығының жұмысымен танысты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Бұл мекемелер балалар мен жастардың дамуы үшін бірегей мүмкіндіктер ұсынады. Қазіргі уақытта кешен 1800-ден астам баланы қамтып отыр. Толық жүктемемен жұмыс істеген жағдайда бір ауысымда 2500, ал ай сайын 5 мыңдай бала жаттыға алады», - деп жазды Ерлан Каналимов әлеуметтік желідегі парақшасында.

Кешен үш негізгі бағыт бойынша қызмет көрсетеді. Спорттық секциялардан футбол, волейбол, баскетбол, джиу-джитсу, шахмат, үстел теннисі, бокс, дзюдо, каратэ, тхэквондо, муай-тай, ал шығармашылық бағытта робототехника және аспаздық үйірмелері жұмыс істейді.  Ағылшын және қазақ тілі курстары, мектепке дайындық, ұзартылған күн топтары, математика пәні тереңдетіп оқытылады.

«Білім беру орталығының базасында елорданың жетекші университеттерінің, атап айтқанда Astana IT University, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ және AIU-да оқитын 70 студент тұрады. Мұнда олардың жан-жақты дамуына ықпал ететін жайлы өмір сүру және оқу жағдайлары жасалған», - деді мәслихат төрағасы.