Мәслихат депутаттары елордадағы жастар орталықтарының жұмысымен танысты
Астанада қалалық мәслихат депутаттары кітапханалар жанындағы коворкинг-орталықтарға, аула клубтары мен жастар орталықтарына барды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
23 үйірме мен секцияда жастар қазақ, ағылшын және қытай тілдерін үйреніп, домбыра мен гитарада ойнауды меңгеруде, шахмат пен робототехника дағдыларын дамытып, вокалдық және актерлік қабілеттерін шыңдауда, сондай-ақ тоғызқұмалақ пен асық ату ойындарын игеруде.
Депутаттар Coventry University Kazakhstan оқу орнын көрді. Бұл университет Coventry University мен Primus Education LLP серіктестігі негізінде құрылып, 2024 жылдың қыркүйегінде Астанада өз жұмысын бастады. Университет халықаралық деңгейдегі білім беру бағдарламаларын ұсынады.
«2024 жылдың 3 шілдесінде Қазақстан мен Қытай басшыларының қатысуымен ашылған Пекин тілі мен мәдениеті университетінің (BLCU) филиалының жұмысымен таныстық. Осы оқу жылында алғашқы 100 студент фаундейшн бағдарламасы бойынша білім алуды бастады. BLCU-дың инновациялық әдістемесінің арқасында, бір жыл ішінде HSK емтиханын тапсырып, бакалавриатқа түсу мүмкіндігіне ие болады», - деп жазды Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов.
Бұдан бұрын мәслихат депутаттары Sana орталығының жұмысымен танысқан болатын.