Мұғалімдер арасында «Ең сұлу жас ұстаз Астана-2025» фотобайқауы өтеді
Астана қаласының Білім басқармасы «Ең сұлу жас ұстаз Астана-2025» онлайн фотобайқауын өткізеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Астана қаласында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған білім беру ұйымдарында жас педагог мамандар жұмысқа көп орналасқан.
Жаңа заманауи мектепте алғаш ұстаздық қызметін бастаған педагогтердің ынтасын арттыру мақсатында, яғни мұғалімдердің кәсіби дамуын қолдай отырып, «Ең сұлу жас ұстаз Астана-2025» фотобайқауы ұйымдастырылып отыр.
Байқау онлайн дауыс беру форматында Астана қаласы Білім басқармасының bilimastana парақшасында өтеді.
«Ең сұлу жас ұстаз Астана-2025» фотобайқауына қатысу үшін әрбір жайлы мектеп атынан қатысатын бір педагог ұстаз кейпінде түскен сапалы суреттері және педагогика саласындағы жеткен жетістіктерін көрсете отырып, 87472005296 WhatsApp нөміріне жолдауы қажет, - делінген хабарламада.
Айта кетерлігі, сурет ұстаз кейпін көрсететін сапалы нұсқада түсірілуі қажет.
Байқау 6 наурыз күні басталып, 8 наурыз күні сағат 15.00-де аяқталады. Ең көп дауыс жинаған педагог «Ең сұлу жас ұстаз Астана-2025» байқауының жеңімпазы атанып, арнайы сыйлыққа ие болады.