Елорда жаңалықтары

Ұлттық мұра мен заманауи білім үндестігі: Астанада ерекше этнолагерь жұмыс істеп жатыр

Астанадағы Мұхтар Әуезов атындағы №86 мектеп-гимназиясында «Ұлттық мұра – ұрпаққа аманат» атты танымдық-шығармашылық бағыттағы жазғы этнолагерь аясында ауқымды іс-шара өтті. Төрт жыл қатарынан ұйымдастырылып келе жатқан бұл жоба – ұлттық тәрбиені, қолөнер мен зияткерлік дамуды, сондай-ақ STEM-технологияларын ұштастыратын ерекше білім беру алаңы, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Тамыры терең тәрбие алаңы

Мектеп жанындағы жазғы лагерь жыл сайын 1-8 сынып оқушылары үшін ұйымдастырылады. Кіші жастағы балалар үшін «Атамекен» бағдарламасы жүзеге асса, 5-8 сыныптар арасында этнолагерь бағыты жүйелі жұмыс істеуде. Балалар таңғы сағат 9:00-ден түскі 14:00-ге дейін түрлі үйірмелер мен шеберлік сабақтарына қатысады.

Мектеп директоры Гүлмира Оразбекованың айтуынша, этнолагерьге 300-ден аса оқушы қатысады. Бұл – балалардың жазғы уақытын тиімді өткізуімен қатар, ұлттық мәдениетке терең бойлату арқылы тәрбиелік құндылықтарды бойына сіңіруге бағытталған кешенді бағдарлама.

«Этнолагерь – бұл жай ғана жазғы демалыс емес, бұл – бала жадында ұлттың рухани ізі қалатын ерекше орта. Біз төрт жылдан бері балаларымызды ата-бабадан қалған салт-дәстүрлермен таныстырып келеміз. Мектеп жанындағы “Әжелер мектебі”, “Домбыра”, “Қолөнер”, “Шеберхана” сияқты үйірмелер осы мақсатта жұмыс істеп тұр. Балалар жүн сабаудан бастап, дәстүрлі ән айтуға дейінгі ұлттық мұраны қолмен жасап, жүрекпен сезінеді», – дейді мектеп директоры.

«Әжелер мектебі» – ұрпақтар сабақтастығының көрінісі. Этнолагерь аясында құрылған «Киіз үйдегі ұлттық өнер» алаңы – балаларды шынайы этнографиялық кеңістікпен табыстыратын ерекше орта. Бұл алаңда балалар жүн сабап, ши тоқып, сырмақ басуды үйреніп қана қоймай, сол өнердің астарындағы тарихты да меңгереді. Жобаны бірнеше жылдан бері мектептің көркем еңбек пәнінің мұғалімі Гүлнар Қоңырова басқарып келеді.

«Мен 2021 жылдан бері этнолагерь құрамында жұмыс істеймін әрі “Әжелер мектебін” жүргіземін. Бұл мектепке 25-ке жуық әже қатысады. Олар өздері білетін көне өнерді балаларға үйретіп, жүн сабау, тулақ түту, жіп иіру, киіз басу, алаша тоқу сынды дәстүрлердің терең мағынасын түсіндіреді. Балалар үшін бұл — тірі тарих», – дейді ұстаз.

Бұл шеберлік сабақтарына қатысып жүрген 5-сынып оқушысы Іңкәр Орынбасар да ұлттық өнерге деген қызығушылығын жасырмады:

«Маған жүн сабап, ши тоқу қатты ұнайды. Әжелеріміз өте мейірімді, бәрін асықпай түсіндіреді. Ұршық иіру мен сырмақ басуды да үйреніп жатырмыз. Бұл — мен үшін өте қызықты әрі болашағыма пайдалы тәжірибе», – дейді ол.

Цифрлық дәуірдегі ұлттық сана

Ұлттық құндылықтармен қатар, этнолагерь балаларды заманауи ғылым мен техника әлеміне де жетелейді. «STEM және робототехника» алаңында оқушылар бағдарламалау, инженерлік жобалау, роботтар құрастыру сияқты бағыттармен танысады.

Информатика пәнінің мұғалімі, «Цифрлық болашақ» шеберханасының жетекшісі Бақытжан Сыдықова:

«Бүгінгі бала – ертеңгі технологиялық көшбасшы. Біз балаларды цифрлық сауаттылыққа баулып, оларды бағдарлама құру, робот жасау, тіпті жасанды интеллект негіздерін игеруге үйретеміз. Әрі бұл процесте шығармашылық та маңызды рөл атқарады», – деп атап өтті.

Ұлттық ойын мен өнер – тәрбиенің тұтқасы. Іс-шара аясында тоғызқұмалақ, бес тас, асық ату сияқты зияткерлік және ұлттық ойындар кеңінен насихатталды. Ал «Әсем әуен» үйірмесінде оқушылар домбыра тарту мен дәстүрлі ән айту шеберліктерін жетілдіруде.

Ұлттық мұра мен қазіргі заманның озық технологияларын өзара үйлестірген бұл этнолагерь – нағыз шығармашылық пен тәрбиенің ордасы. Мұндай жобалар арқылы өскелең ұрпақ рухани бай, бәсекеге қабілетті тұлға болып қалыптасатыны сөзсіз.

Батима ТИЛЕУБЕРДИ