Елорда жаңалықтары

Ұлттық ұлан құрамасы қазақ күресі бойынша спартакиадада екінші орын алды

Петропавл қаласында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің XII спартакиадасы аясында ұлттық спорт түрі – «Қазақ күресі» бойынша жарыстар өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Турнир ІІМ қарасты «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамының 2025 жылға арналған спорттық күнтізбелік жоспарына сәйкес ұйымдастырылды.

Тартысты өткен бәсекеде Ұлттық ұланның құрамасы командалық есепте екінші орынды иеленіп, ІІМ құрамасына ғана есе жіберді. Қола жүлде «Динамо» спорт қоғамы командасына бұйырды.

Жеке біріншілік бойынша да ұландықтар жоғары нәтиже көрсетті. Жүлдегерлер қатарында:

66 кг дейінгі салмақ дәрежесінде бірінші орынды 6654 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Нұрсұлтан Нұрсейітов жеңіп алды;

74 кг дейін екінші орынды 5573 әскери бөлімінің ефрейторы Тілек Тоқтасынұлы иеленді;

82 кг дейін күміс жүлдені 5513 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Әли Әлімби қанжығасына байлады;

90 кг дейін қола жүлде 6655 әскери бөлімінің ефрейторы Азат Қуановқа бұйырды;

100 кг дейін алтын медаль 5573 әскери бөлімінің сержанты Бекзат Алтынбаевқа табысталды;

100 кг жоғары салмақта бірінші орынды 5573 әскери бөлімінің ефрейторы Жандос Сейтенов жеңіп алды.

«Осындай деңгейдегі жеңіс – бұл бірліктің, жаттығулар мен қолдаудың жемісі. Бізге әрдайым жағдай жасап, жігер берген Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-майор Аңсаған Балтабековке зор алғысымды білдіремін. Бұл медаль – менікі ғана емес, бүкіл «Burkit Team» командасының, бізді дайындаған бапкерлердің, сенім артқан басшылықтың жеңісі. Алда да Ұлттық ұлан намысын спорт алаңдарында абыроймен қорғай береміз», - деді сержант Бекзат Алтынбаев.

ІІМ Ұлттық ұланының «Burkit Team» командасының бұл жетістігі — жеке құрам арасында дене дайындығын жетілдіру, жауынгерлік рухты нығайту және ұлттық спорт түрлерін кеңінен насихаттау бағытындағы жүйелі жұмыстың нәтижесі.