Елорда жаңалықтары

Ұлттық ұланында фотобайқау жеңімпаздары марапатталды

ІІМ Ұлттық ұланында «Жауынгерлік қызметтен жарқын сәт» фотобайқауының жеңімпаздары анықталды, деп хабарлады  Elordainfo.kz.

Байқауға барлық өңірлік қолбасшылықтар мен әскери бөлімдердің мерзімді қызмет әскери қызметшілері қатысты. Бұл туралы Ұлттық ұланның баспасөз қызметі мәлімдеді.

Фотобайқау қоғамда және ҚР ІІМ Ұлттық ұланында құқықтық тәртіп әскерінің әскери қызметшілерінің оң бейнесін қалыптастыру, жастар ортасында әскери қызметті және үздік әскери дәстүрлерді дәріптеу, Отан қорғаушыларға құрметпен қарау, сондай-ақ әскери қызметшілердің қызметтік және жауынгерлік міндеттерді орындау кезіндегі еңбектерін көрсету, сарбаздардың шығармашылық дамуы, қоғамдық қызметке белсенді қатысуы, әскери ұжымдардың өмірін насихаттап, имиджін көтеру мақсатында өткізілді.

Байқауға еліміздің әртүрлі аймақтарынан қатысушылар ұсыныс тастап, бақ сынады.

ҚР ІІМ Ұлттық ұлан академиясының әскери қызметшісі  1 оқу батальонының курсанты қатардағы жауынгер Асқар Жәлелов «Жауынгерлік қызметтен жарқын сәт» фотоконбайқауының жеңімпазы атанды, ол 1143 дауыс жинады.

Құрметті ІІ орынды 1039 дауыспен «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6679 әскери бөлімінің аға маманы ефрейтор Мырзахмет Шарапов иеленді. Үшінші орын 882 дауыс жинаған «Орталық» өңірлік қолбасшылығы 5516 әскери бөлімінің жедел мақсаттағы ротасының аға сарбазы ефрейтор Нұрсұлтан Қайырғалиевке бұйырды.

Дауыс беру қорытындысы бойынша барлық жеңімпаздар ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-майор Аңсаған Балтабековтің атынан дипломдармен және сыйлықтармен марапатталды.

Айта кетейік, «Жауынгерлік қызметтен жарқын сәт» атты фотобайқауы жыл сайын ұйымдастырып тұрады.