Елорда жаңалықтары

Ұлттық кітапханада Әкім Тарази атындағы арнайы зал ашылды

Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қазақ әдебиетінің классигі Әкім Таразидың есімі берілген арнайы зал ашылды. Бұл туралы Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов мәлім етті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Сонымен қатар, бүгін белгілі жазушының 13 томдық шығармалар жинағының тұсаукесері өтті. Әкім Таразидың қазақ әдебиетін дамытуға және ұлттық руханиятты нығайтуға қосқан үлесі өскелең ұрпақ үшін үлгі. Жазушының шығармалары, аудармалары, пьесалары мен тарихи зерттеулері топтастырылған бұл көптомдық – баға жетпес білім көзі.

«Әкім Тарази атындағы жеке зал оқырмандарға бірегей материалдардың кең ауқымын ұсынады: қазақ әдебиетінің классиктері шығармаларының жеке кітапханасы, фотосуреттер, коллекциялар мен жинақтар. Тоқсанның төріне шығып, ұлт руханиятының абыз ақсақалына айналып отырған ағамызға бар жылы лебізімді тілей отырып, жастан жасқа, жақсылықтан жақсылыққа қуанышпен жете беріңіз дегім келеді! Ел ағалары аман болсын!», - деп жазды Е.Каналимов.