Елорда жаңалықтары

«Ұлттық киім – ел ажары»: Елорда тұрғындары ерекше акцияға атсалысты

Бүгін елордада Дін істері жөніндегі басқарманың қолдауымен «Qamqor-Astana» қоғамдық қоры Наурызнама тұжырымдамасы аясында  18 наурыз – Ұлттық киім күніне орай «Ашық алаң» ақпараттық-түсіндіру акциясын ұйымдастырды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Сарыарқа» ойын-сауық сауда орталығында өткен шара «Ұлттық киім - ел ажары» тақырыбына арналды. Шара барысында қала тұрғындары мен қонақтарына ұлттық киім, әдет-ғұрып, салт-дәстүр мен тарихқа байланысты викториналық сұрақ-жауап ұйымдастырылды. Ал балаларға Отан, білім және отбасы тақырыптарында мақал-мәтел сайысы ұйымдастырылды. 

фото: Жансая Таңырқұл

«Qamqor-Astana» қоғамдық қорының теолог маманы Арман Нұрахметұлының айтуынша, акцияда тек ұлттық киім тақырыбы ғана емес, деструктивті діни ағымдар мен олардың қауіптілігі туралы да айтылады. 

«Бүгін Ұлттық киім күніне орай қала тұрғындары арасында акция ұйымдастырып отырмыз. Ұлттық құндылыққа қатысты сұрақтар қойып, дұрыс жауап берген тұрғындарға алғысхаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар акция  елорда тұрғындарын деструктивті діни ағымдар мен олардың қауіптілігі туралы хабардар етіп, діни сауаттылықты арттыру және дін саласындағы заңнамамен танысу мен ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында өтіп жатыр», - деді теолог маман.

фото: Жансая Таңырқұл

Сонымен қатар шара аясында елорда тұрғындарына деструктивті діни ағымдардың қауіптілігі туралы ескертетін, сенімді дереккөздердің, тыйым салынған террористік және экстремистік ұйымдардың тізімін, дін саласындағы заңнаманы қамтитын 2 мыңнан астам ақпараттық брошюралар таратылып, бейнероликтер көрсетілді.