Елорда жаңалықтары

LRT пойыздарының операторлары Қытайда оқытудың екінші кезеңін аяқтады

LRT пойыздарының операторларын даярлау бағдарламасының екінші кезеңі аяқталды. 29 маман Қытайдың Тяньцзинь қаласында оқудан өтіп, қорытынды емтихандарды сәтті тапсырды және біліктілігін растайтын сертификаттар алды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Оқыту үш сатылы жүйе бойынша жүргізіледі. Алдымен – Астанадағы базалық курс, одан кейін шетелде тереңдетілген теория, тренажерларда жұмыс және практикалық тағылымдама. Соңғы кезең – елордадағы LRT құрамдарында тағылымдама, жүйені сынақтан өткізуге қатысу және желіге шығу.

Бағдарлама мамандарды тек пойыз жүргізуге ғана емес, сонымен қатар қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, құрамдарды күтіп ұстауға және ықтимал ақауларды жоюға үйретуге бағытталған.

Астанадағы сабақтарды Тяньцзинь метрополитенінің және Чжэнчжоу теміржол кәсіби-техникалық институтының (ҚХР) оқытушылары жүргізді. Практикалық бөлігі Тяньцзинь метрополитені сарапшыларының жетекшілігімен өтті. Ол Қытайдағы ең көне әрі ірі метрополитендердің бірі (1984 жылдан жұмыс істейді, 10 желі, 300 км астам жолы бар).

Қазақстандық операторлар үшін Астананың климаттық және пайдалану ерекшеліктеріне бейімделген арнайы симуляциялық бағдарламалар дайындалды. Арнайы полигонда төтенше жағдайлар кезіндегі іс-әрекеттер және практикалық дағдылар бекітілді.

«Бағдарлама өте мазмұнды болды. Қытайда біз заманауи технологиялармен таныстық: компьютерлік модельдеу, жаңа тренажерлар, шынайы жағдайға барынша жақын ортада жұмыс. Негізгі назар жолаушылар қауіпсіздігіне, қозғалыстың бірқалыптылығына және жайлылығына аударылды», – дейді 16 жылдан астам тәжірибесі бар теміржолшы, LRT пойыздарының операторы Дархан Қосанов.

«Бұл жобаға қатысу – менің тәжірибемдегі жаңа кезең. 26 жылдық теміржол көлігіндегі қызметімде машинист көмекшісінен Алматылық метрополитеннің машинист-нұсқаушысына дейінгі жолдан өттім. Енді LRT ауысып, жас әріптестеріммен тәжірибе бөлісіп, жаңа технологияларды меңгеріп жатырмын», – деп атап өтті LRT пойыздарының операторы Ғазиз Оразғалиев.

Бағдарламаға еліміздің әртүрлі өңірлерінен 140 үміткердің ішінен 29 адам іріктелді. Олардың көпшілігі – теміржолшы әулеттерінің өкілдері.

«Екінші кезең – LRT іске қосуға дайындықтағы маңызды қадам. Жеті айда олар теория мен практиканы өтті, алда – Астанадағы қорытынды тағылымдама. Ол желідегі жұмыс, жүйені сынақтан өткізу және пайдалану жағдайына барынша жақын жаттығуларды қамтиды. Біз олардың алған білімдері мен дағдылары қазіргі заманғы пойыздарды тиімді және қауіпсіз басқаруға мүмкіндік беретініне сенімдіміз», – деді City Transportation Systems ЖШС басқарушы директоры Бауыржан Айтхожин.

Айта кетейік, LRT жобасының келесі кезеңінде Астанада сынақтық іске қосу және жаңа құрамдардың келуі көзделген. Бүгінгі таңда 22,4 км рельстік жол төселді, 18 станция 80% астам дайын.