Әлеуметтік маңызы бар жобалардың жұмысы таныстырылды
Бүгін Астана қаласы әкімдігінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия отырысы өтті, деп хабарлады Elorda.info.
Іс-шараға Астана қаласы әкімдігінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері, мемлекеттік органдардың өкілдері, мәслихат депутаттары, БАҚ қызметкерлері қатысты.
Отырысты Астана қаласы әкімі орынбасары, аталған комиссия төрағасы Есет Байкен ашып, баяндамашыларға сөз кезегін берді. Алдымен, 2023 жылға арналған жобалар мен мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс қорытындылары талқыланды.
Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Илья Скуб аталған басқарма 2023 жылға арналған мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстардың тақырыптарын бекітіп, 2023 жылға 5 әлеуметтік жоба үшін 28,8 млн.теңге бөлгенін айтты.
2023 жылғы жобаларға тоқталсам, бірінші, есту қабілеті нашар адамдарға әлеуметтік қолдау көрсету қызметтері көрсетілмек. 5 млн. теңге сомасына есту қабілеті бұзылған кемінде 300 адамды, 40 ата-ананы, 20 еріктіні қамту жоспарлануда. Екінші, мектепке дейінгі және мектеп жасындағы аутизм диагнозы қойылған балаларға оңалту және әлеуметтік көмек көрсетуге мән берілмек. Бұл бағытта 7,8 млн. теңге сомасына аутизм диагнозы қойылған 1,5-17 жас аралығындағы кемінде 270 баланы қамту ойластырылып отыр. Үшінші, мүгедектерді оңалту техникасын жөндеу және техникалық қызмет көрсету жөніндегі қызметтерге 5 млн. теңге сомасы бөлінбек. Бұл қаражатқа кемінде 250 бірлік кресло-арбаны жөндеумен қатар, көшпелі қызметтер бойынша кемінде 100 адамды, цифрлық сауаттылық бойынша кемінде 100 адамды қамту жоспарлануда. Адам, дәрігердің қызметі бойынша 100 адам қамтылады. Төртінші, бас бостандығынан айыру орындарынан шыққан адамдарды оңалту бойынша аз қамтылған адамдарға қызмет көрсету 4 млн. теңге сомасына бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған немесе босатылуға дайындалып жатқан кемінде 650 адамды қамту көзделді. Бесінші, мүгедектігі бар адамдарға және мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата – аналарға кешенді көмекті ұйымдастыру қызметтері бойынша 7 млн. теңге сомасына кем дегенде 200 мүгедектігі бар адамды және мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарды қамту жоспарлануда, - деді Илья Скуб.
Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұханов өз сөзінде әйелдерді көшбасшылыққа үйрету бағытындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар аясындағы жобаларға тоқталды.
Алдымен, ағымдағы жылы әлеуметтік мемлекеттік тапсырыстың аясында қолға алынған 11 тапсырыстың 3-уі отбасы институын нығайтуға арналған жобалар екенін айтып өткім келеді. Бірінші жоба татуластыру орталығын құруға бағытталды. Отбасында туындаған дауларды медиация әлеуетін пайдалана отырып шешу мақсатында ұзақ мерзімді 3 жылдық жоба жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда жоба екінші жылы жүзеге асырылуда. Орталық Астана қаласының соттарымен және медиация орталығымен тығыз байланыста өзара жұмыс жасап келе жатыр. Қаңтар-қараша айлары аралығында отбасылық жанжалдар бойынша 300-ге жуық азаматтық-психологиялық сүйемелдеу көрсетілді. Олардың ішінде 180 әйелге ішкі істер органдарымен бірлесіп тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша профилактикалық жұмыстар жүргізілді. 29 отбасы медиация арқылы татуласты. Мамандар 32 азаматпен әңгімелесіп, кейін оңалту курсына өтті. Психологиялық жәбірленуден сақтау, түрлі көмек көрсету мақсатында 26 азаматқа заңнама негізінде кеңес берілді. Дағдарыс орталығына 3 әйел орналастырылды. Жоба аясында қалалық соттармен бірлесе отырып, оқу семинарлары ұйымдастырылуда, - деді Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы.
Сондай-ақ, оның айтуынша, басқарма аталған жоба аясында әйелдердің саяси өмірдегі белсенділігін арттыруға ықпал етіп, гендердік мәдениеттің қалыптасуы үшін кешенді іс-шаралар жүргізуде.
Әрі қарай отырыста әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою үшін халықаралық күрес күніне арналған жыл сайынғы «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» науқанын ұйымдастыру, қолайсыз отбасылардан шыққан балаларды қосымша біліммен, спорт секцияларымен және үйірмелермен қамтамасыз етуге бағытталған бюджеттік бағдарламаның іске асырылуы сияқты мәселелерге талдау жасалды. Тақырыптарға байланысты отырысқа қатысушы өзге де басқармалар басшылары мен Астана қаласы әкімдігінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері сөз сөйледі.