Елорда жаңалықтары

Коммуникациялар, серіктестік, сапа: Құқық қорғау органдары академиясы сенім мен тұрақты дамуды қалай қамтамасыз етеді

Қазіргі заманғы білім беру ұйымы тек оқу процесін жүзеге асырып қана қоймай, сонымен қатар тиімді коммуникациялар, стратегиялық серіктестік және білім беру мен басқару процестерінің сапасын үздіксіз жетілдіріп отыруы тиіс. Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясында осы бағыттардың барлығын үйлестіру, олардың бірізділігі мен нәтижелілігін қамтамасыз ету Аппараттың міндетіне жүктелген. Аппарат басшысы Жанар Мұхаммедрақымқызы Ілияс ақпараттық саясат, серіктестік қарым-қатынас және білім беру процесін бағалау саласындағы жұмыстар туралы сұхбат берді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

- Жанар Мұхаммедрақымқызы, кез келген мемлекеттік органның аппараты – белгілі бір «операциялық орталық» тәрізді: онда бақылау, құжат айналымы және ішкі үйлестіру жүзеге асады. Бірақ күнделікті міндеттерден тыс сіздер маңызды мазмұнды жұмыстар атқарасыздар. Әсіресе бізге сыртқы коммуникациялар, серіктестік және білім сапасын бағалау бағыттары қызықты. Алдымен Академияның ақпараттық саладағы жұмысының ұйымдастырылуы туралы айтып берсеңіз.

- Сұрағыңызға рақмет. Ақпараттық саясат – Аппараттың басым бағыттарының бірі. Академия өмірін оперативті, кәсіби және ашық түрде жариялауды қамтамасыз ететін баспасөз қызметі Аппарат құрамына кіреді. Оның жұмысы тек жаңалықтарды тарату емес, мақсатты, стратегиялық коммуникация құру болып табылады.

Біздің міндетіміз – ақпараттық стильдің тұтастығын қамтамасыз ету, барлық құрылымдық бөлімшелерден ақпарат ағынын үйлестіру және Академияға деген қоғамдық сенімді қалыптастыру. Біз ресми сайтты жүргіземіз, әлеуметтік желілер мен YouTube арнасын белсенді дамытамыз, онда бейнешолулар, репортаждар және оқу контентін жариялаймыз.

Мысалы, мемлекет Президентінің бастамасымен өткізілген «Заң және тәртіп» апталығы кезінде Академия күн сайын Қосшы қаласындағы қоғамдық орындарда қызметкерлердің кеңестері, білім беру ұйымдарындағы дәрістер, тренингтер, дөңгелек үстелдер, балалар футбол турнирі және басқа да ағартушылық акциялар ұйымдастырды. Бұл іс-шаралар туралы мәлімет күнделікті жарыққа шығып отырды. Мақсатымыз тек ақпарат тарату емес, құқықтық ағартудың кең қамтылуын қамтамасыз ету болды. Барлық жарияланымдар қолжетімді форматтарда – қысқа бейнелер, фотосуреттер, баспасөз хабарламалары арқылы ұсынылды.

Сондай-ақ кәмелетке толмағандарға қатысты буллингтің алдын алу, есірткі қылмысына және алаяқтыққа қарсы күрес мәселелері бойынша видеороликтер циклі шығарылды. Бұл материалдардың барлығын Академия оқытушылары, ғылыми қызметкерлері мен тыңдаушылары өздері дайындады. Олар құқықтық білімдерін шығармашылық өнімге айналдырып, кең аудиторияға жеткізді. Көп жағдайда видеороликтердің режиссері, операторлары және актерлері де өздері болды.

Көріп отырғаныңыздай, Академияның имиджін қалыптастыру – біздің ұжымның бірлескен міндеті. Университет қызметкерлері медиа көшбасшыларға айналуда. Жарқын мысал – кафедра меңгерушісі Бүркіт Ғалымұлы Нұрамағамбетов «Қауіпсіз мемлекет» атты YouTube подкастын ашып, онда қауіпсіздік пен құқық тәртібі туралы өзекті тақырыптар талқылауда. Мұндай бастамалар Академияның кәсіби ортада және одан тыс жерде танылуына көмектеседі.

Осылайша, бүгінгі ақпараттық бағыт – бұл тек баспасөз қызметінің жұмысы ғана емес, барлық ұжымды – басшылықтан бастап студенттерге дейін қамтитын көпқабатты қоғамдық қатысу жүйесі.

- Академия сыртқы серіктестермен қалай өзара әрекеттеседі?

- Серіктестермен байланыс – Академияның тұрақты дамуының ажырамас бөлігі. Біз оны стратегиялық ресурс деп санаймыз. Аппарат келісімдер мен меморандумдарды дайындау және бекіту процесін үйлестіреді, олардың тіркелуін және орындалуын бақылайды.

Бүгінгі таңда Академияда 82 келісім және ынтымақтастық меморандумы бар, олар отандық ғылыми-білім беру ұйымдары, мемлекеттік органдар, халықаралық білім беру және құқықтық ұйымдармен жасалған. Біздің стратегиялық серіктестеріміздің қатарында БҰҰ-ның Есірткі және қылмысқа қарсы басқармасы (UNODC), ОБСЕ, ТМД елдерінің құқық қорғау органдары білім беру саласындағы жетекші ұйымдар бар. Бұл серіктестік формальдылықтан алыс, нақты академиялық алмасулар, бірлескен оқу бағдарламалары, ғылыми-зерттеу жобалары және халықаралық форумдарға қатысуға бағытталған.

Серіктестіктің мазмұнын кафедралар, институттар, ғылыми және оқу бөлімдері қамтамасыз етеді. Аппараттың міндеті – процесті жүйелі ұйымдастырып, нәтижелілікті және Академия мүдделеріне сәйкестікті қамтамасыз ету. Мұндай тәсіл әр келісімді тек қағаз емес, нақты даму құралы ретінде қарауға мүмкіндік береді.

- Академия білім беру сапасын қалай бағалайды?

- Білім сапасы – соңғы нәтиже емес, үздіксіз жұмыс. Біз бағалау үнемі, объективті және жетілдіруге бағытталған болуы керек деп санаймыз. Аппарат Академияның ұйымдастырушылық-құқықтық құжаттарына сәйкес ішкі мониторинг жүргізеді: тыңдаушылар арасында сауалнама өткізеді, оқу үлгерімі мен қатысуды талдайды, құқық қорғау органдары өкілдерінің пікірлерін жинайды.

Соңғы сауалнама нәтижесі бойынша 90%-дан астам тыңдаушылар теориялық білімнің практикада қолданылатынын және тағылымдамаларда сәтті пайдаланғанын растайды. Қатысушылардың 90%-ға жуығы оқу барысында кәсіби дағдыларының өскенін атап өтті. Профессор-оқытушы құрамының жұмысы, сондай-ақ киберорталықтағы, оқу полигонында және сот залындағы симуляциялық сабақтар жоғары бағаланды.

Сонымен бірге, кейбір қиындықтар да бар: тыңдаушылардың бір бөлігі кейбір тақырыптарды меңгеруде қиындықтар мен кей блоктарды тереңдету қажеттігін атап өтті.

Бұл деректер талданып, ұсыныстар әзірленеді. Олар білім беру бағдарламалары мен әдістерін уақытылы түзетуге мүмкіндік береді. Біз кері байланыстан қорықпаймыз – керісінше, ол өсу мен дамуымыздың негізі.

- Осы бағыттарда алдағы уақытта қандай мақсаттар мен міндеттер қоясыздар?

- Аппараттың басты мақсаты – коммуникациялар, серіктестік және сапаға қатысты барлық процестердің тұрақты, кәсіби және нәтижелі ұйымдастырылуын қамтамасыз ету. Біз Академияның сыртқы және ішкі өзара әрекеттесуі нақты, ашық және сенімді болуын қалаймыз. Әрбір серіктестік келісім практикалық пайда әкеліп, тәжірибе алмасуға және құзыреттердің дамуына ықпал етуі маңызды.

Академия – бұл бүгінгі күні құқықтық тәртіп саласында мамандарды даярлайтын ашық платформа. Ал біздің міндетіміз – оған сенімді ұйымдастырушылық және ақпараттық негіз құру. Тұрақты даму сенімсіз мүмкін емес, ал сенімнің кепілі – жүйелі, кәсіби және адал жұмыс. Біз осы қағидаларды ұстанудамыз.