Елорда жаңалықтары

«Классик ұстаханасы»: Астанада жазушы-драматург Ермек Аманшаевпен кездесу өтеді

Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Қазақстан Жазушылар одағының Астана қаласы бойынша филиалының ұйымдастыруымен «Классик ұстаханасы» атты жаңа жобасы басталды. Бұл жобада елордалық қаламгерлер көпшілікке дәріс оқитын болады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Классик ұстаханасы» – бұл қазақ әдебиетінің ортамызда жүрген классиктері мен белгілі шығармашылық өкілдерінің өмірлік тәжірибесін кейінгі ұрпаққа жеткізу идеясынан туған жоба. Аталған жоба қазақ әдебиеті майталмандарының ойлары мен идеяларын, шығармашылық әдістерін болашақ қаламгерлерге және әдебиет сүйер қауымға ұсынатын шеберхана іспетті.
Жобаның мақсаты – қазақ әдебиетінің классиктері мен танымал қаламгерлердің шығармашылық тәжірибесін кеңінен таныту, әдебиетке қызығушылық танытатын жастарға бағыт-бағдар беру, олардың көркем шығармашылық қабілетін дамытуға көмектесу, ұлттық әдебиеттің маңыздылығын арттыру арқылы рухани құндылықтарды дәріптеу. Қазақ қаламгерлерінің өмір жолы, жазу стилі мен шығармашылық процестерін тереңірек зерттеу, қазіргі заман әдебиетінің трендтері мен бағыттарын талқылау, әдебиеттегі ой еркіндігі мен креативтілік мәселелерін көтеру, жазушылардың жас буынға мотивация беруін қамтамасыз ету, оқырмандар арасында әдебиетті насихаттау.
2025 жылғы 3 қыркүйектен бастау алған жобаның қонақтары: жазушы Төлен Әбдік, Тұрсын Жұртбай, Қойшығара Салғара, Асқар Алтай, ақын Жанат Әскербекқызы. Жоба әр аптаның сәрсенбі күндері ұйымдастырылып отырады. Аталған жобаның келесі қонағы – жазушы-драматург Ермек Аманшаев. Іс-шара 17 қазан күні сағат 15.00-де ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында өтеді. Аталған іс-шараға зиялы қауым өкілдері, оқырмандар және жас әдебиетшілер қатысады. Дәріс соңында жазушы тыңдармандармен еркін пікір алмасып, сұрақтарға жауап беретін болады.
Іс-шара әлеуметтік желілерде және толық нұсқасы YouTube арнасында жарияланып отырады.
Айта кетейік, бұл жоба жыл соңына дейін жалғасатын болады.