Елорда жаңалықтары

Клара Төленбаева: Елорда – біздің отбасы үшін маңызды қала

Бүгін – бас шаһардың туған күні. Соған орай белгілі әнші Клара Төленбаева елорда тұрғындары мен қонақтарына жылы лебізін білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Елорда –  біздің отбасы  үшін маңызды қала. Себебі біз Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваторияны бітіріп, Астанаға келдік. Нақтырақ айтқанда, оқумен қатар, ҚР Президенті оркестрінде жұмыс істедім. Алғашқы еңбек жолым осы жерден басталды. Онда бір жыл жұмыс істеген соң, оркестр Астанаға көшті. Осылайша біз де бас шаһарға қоныс аудардық. Нәтижесінде Астана менің екінші туған жеріме айналды. Бұл қала – мен үшін өте ыстық. Себебі осында алғашқы шығармашылық жолым бастау алды», - деді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері.

Көпке танымал өнер иесі дәл осы қалада балалары дүниеге келгенін айтты.

«Тыңдармандарымның басым көпшілігі Астанада деуге болады. Әрқашан сахнаға шыққан кездегі халықтың қошеметі – мен үшін өте ерекше. Астаналықтар бізді таниды. Олар әнімізбен сусындап, өнерімізге бағасын беріп жүр. Балаларым елордада дүниеге келді. Қаламен бірге олар да өсіп жатыр. Сондықтан біздің өмірімізде Астананың алар орны бөлек», - деді «Құрмет» орденінің иегері.

Әншінің пікірінше, Астана 24 жылда адам танымастай өзгерген.

«2001 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін бас қала айтарлықтай түрленді. Ол күн сайын  жайнап жатыр. Қалада ұзақ уақыт салынады деген биік зәулім ғимараттар тез уақытта бой көтерді. Көптеген гүлзар ашылып, жасыл желек отырғызылып жатқаны біздің көз алдымызда болып жатыр. Әр ғимараттың ашылуында өнерімізді көрсетіп, үлесімізді қосудамыз. Бір сөзбен айтқанда, елордамен бірге біз де өсіп жатырмыз», - деді өнер иесі.

Сөз соңында өмірін өнерге арнаған жан астаналықтар мен қала қонақтарына жылы лебізін білдірді.

«Барша Астана жұртшылығы мен қонақтарын қала күнімен шын жүректен құттықтаймын. Бастысы еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын. Ару қаламыз күн сайын жайнап, жарқырай берсін. Елордамызды жақсы көреміз. Оның тамыры тереңге жайылып өсуін қалаймыз. Қаламызда білімді жастарымыз өсіп келеді. Олардың болашағы жарқын болсын», - деп сөзін түйіндеді Клара Төленбаева.