Үкіметте мектептер, бірыңғай әлеуметтік төлемдер және әлеуметтік қамсыздандыру бойынша шаралар ұсынылды
Президенттің халыққа Жолдауында айтылған тапсырмаларын іске асыру шеңберінде Қазақстанда білім берудің, денсаулық сақтаудың және әлеуметтік қамсыздандырудың қолжетімділігі мен сапасын арттыру бойынша ауқымды шаралар жүзеге асырылатын болады. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Оның айтуынша, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы шеңберінде осы жылдың соңына дейін барлық жоспарланған мектептер пайдалануға беріледі. Бұдан басқа 115 алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету нысаны салынып, Шымкентте және Түркістан облысында 2 перинаталдық орталықтың құрылысы басталады.
«Әлеуметтік салада «ақша азаматтарға» қағидаты енгізіліп, елдің барлық облыстарында осал санаттағы азаматтар үшін әлеуметтік төлемдердің мөлшері унификацияланады.«Қарызсыз қоғам» жобасын іске асыру жалғасады. Парламенттік реформа жүргізу шеңберінде жалпыұлттық референдум өткізу бойынша ұйымдастырушылық мәселелер, сондай-ақ елдің конституциялық заңнамасына ықтимал түзетулер пысықталатын болады»,- деп баяндады вице-премьер.