Елорда жаңалықтары

"Оны азайту үшін жолды қысқарту керек": Жұманғарин Астанадағы кептелісті азайтуға қатысты жоспарын айтты

Бүгін Мәжілісте «Кейбір заңнамалық актілерге астананы және республикалық маңызы бар қалаларды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралып жатыр. Баяндама жасаған вице-премьер әрі ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин қаладағы кептелісті азайту үшін жолдарды кеңейтпей, керісінше, қысқарту керек дейді, деп хабарлайды Elorda.info.kz.

Мәжіліс депутаттары Серік Жұманғаринге сұрақтарын қоя отырып, қаланың өзекті мәселелерін қозғаған. Соның ішінде «қаладағы кептелісті азайту үшін оның көшелерін кеңейтуге мүмкіндік бар ма?» деген сұрақ қойды депутаттар.

Бұл сұраққа жауап берген Жұманғарин дамыған елдердің ірі қалаларындағы «kiss and bay» деген бір концепция туралы айтып берді.

«Жол мәселесіне келсек – мынандай бір концепция бар: сен жолды кеңейткен сайын, қалада машина көбейе береді. Дамыған елдер жолды кеңейтпейді, жолды қысқартады. Адамдар қоғамдық көлікке отырсын дейді. Қаланың орталықтарында «kiss and bay» деген бір принцип бар. Бір адамды діттеген жеріне әкеліп, тоқтайын десең, орын жоқ, ақылы жерге  тоқтасаң, удай қымбат. Сондықтан, адамды әкелесің, бетінен сүйесің де кете бересің. Өйткені, тұратын орын жоқ. Ол бөлек әңгіме. Қысқасы, менің ойымша жолды кеңейтіп керек емес. Қоғамдық көлікті дамыту керек», - деді Жұманғарин.