Елорда жаңалықтары

Келесі жылы елордада мемлекеттік аурухананың құрылысы басталады

2025 жылы елордада Ботаникалық бақтың маңында мемлекеттік аурухананың құрылысы басталады. Қазір жобалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Астана әкімі Жеңіс Қасымбек «Жетінші арнаның» «Саясаткер» бағдарламасына берген сұхбатында мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Жеңіс Қасымбектің айтуынша, республикалық орталықтар жыл сайын салынып жатқанымен, елордада соңғы рет мемлекеттік аурухана 2012 жылы салынып, пайдалануға берілген.

«Биыл Президенттің тапсырмасымен аурухананың жобалау жұмыстары басталды. Ол жағынан «Самұрық-Қазына» қоры көмегін көрсетіп жатыр. Келесі жылдың жазында құрылыс басталады деп жоспарлап отырмыз. Жыл сайын кемі 3-4 емхана іске қосылып жатыр. Оның ішінде жекеменшіктері де бар. Енді келесі жылы біз мемлекеттік емхананың құрылысын бастаймыз. Ол Ботаникалық бақтың маңында, Түркістан көшесінің бойындағы учаскеде орналасатын болады», - деді Жеңіс Қасымбек.

Сонымен қатар қала басшысы басқа да нысандар жоспарлы түрде салынатынын атап өтті.