Каноэ мен байдаркада ескек есуден 50-ге жуық жасөспірім Астана қаласының чемпионатында сынға түсті
Бүгін елордадағы «Толқын» спорт кешенінде 2009-2013 жылы дүниеге келген жасөспірімдер арасында қалалық чемпионат басталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Жазғы Олимпиада ойындарында 16 жүлде жиынтығы үлестірілетін каноэ мен байдаркада ескек есу спорты Астана қаласында 2000 жылдан бері қолға алынып, тұрақты түрде жолға қойылған. Бүгінгі жарысқа қатысушылардың дені осы спортқа 1-2 ай ішінде ғана келіп, алғаш рет су бетінде тәжірибелерін сынады.
«Мектептерді аралап, каноэ мен байдаркада ескек есу спортымен айналысуға шақырамыз. Бұл жерде секцияға қосылу үшін, 10 жастан асқан балалар жүгіру, кермеге тартылу, кеудені жерден көтеру сынды нормативтерді тапсыру қажет. Сондай-ақ жүзе алуы да тиіс. Спортты жаңадан бастағандар 1-2 ай бойы дайындықтан кейін ғана суда жүзеді. Себебі олар каноэ мен байдаркада тепе-теңдікті сақтауды үйренуі керек», - деді Астана қаласының аға бапкері Сергей Шимин.
Бұған дейін «Толқын» спорт кешенінің жанындағы ескек есу каналына жұмыстар жүргізіліп, 2025 жылы қайта қолданысқа берілді. Қазіргі кезде бұл жерде спортты енді бастағандар жаттықса, тәжірибелі спортшылар Есіл өзенінде біліктіліктерін шыңдайды.
«Достарыммен бірге 2021 жылы осы жерге келген едім. Мені қызықтырған дүние - тегін жаттығып, әрі су бетінде жүзуге мүмкіндік алу еді. Оның үстіне қыс мезгілінде бассейнге түсіп, шаңғы тебеміз. Каноэ мен байдаркада ескек есуде ұзақ уақыт қалу үшін, нормативтерді орындап отыру қажет. Әрине, оңай емес. Бірақ үлкен мақсатқа жету үшін қиындыққа төзуім керек. Спорттың арқасында физикалық жағынан шыңдалып, өзіме деген сенімділігім артты», - деп 13 жастағы Мадияр Турамин ойын бөлісті.
Жарыс барысында қатысушылар 200 метр мен 500 метр қашықтықты белгілі бір уақытта жүзіп өтуі керек. Нормативті орындай алмаған қатысушыларға тағы 1 айдай сынақ уақыты беріледі.
«Жалпы осы спорт түрімен айналысу үшін, судың тереңдігі 3-4 метр болуы тиіс. Қазіргі кезде каноэ мен байдаркада ескек есу бірте-бірте танылып келеді. Мемлекет тарапынан да көмек көрсетіліп жатыр. Мысалы, 2012 жылы 8 жаңа қайық берілсе, 2023 жылы 20 жаңа қайықпен қамтамасыз етілді. Бұл қайықтар Еуропадан келетіндіктен, бағасы өте қымбат. 5 млн-нан басталып, 20 млн-ға дейін барады. Бізге берілген қайықтар жарыс кезінде қолданылады. Ал жаттығу барысында ескі қайықтарды іске жаратамыз», - деді жарыс ұйымдастырушысы Бекбосын Асхат.
Айта кетейік, жарыс жеңімпаздары алдағы уақытта Алматы және Теміртау қаласында өтетін республикалық деңгейдегі жарыстарға қатысуға мүмкіндік алады.