Айтым Жақыповтың айтуынша, әскер – әрбір жігіт өтуі тиіс өмір мектебі. Ол жастарға бұл кезеңге саналы түрде дайындалу қажеттігін ескертті, әсіресе физикалық дайындықтың маңыздылығына тоқталды.
«Қазақстанда дайындалуға барлық мүмкіндік бар: фитнес орталықтар, спорт кешендері, клубтар жұмыс істейді. Ең бастысы – шақыру қағазын күтпей, спортпен шұғылдануды ертерек бастау керек. Физикалық форма – жеке денсаулықпен қатар, ел қауіпсіздігіне қосқан үлес. Барлық болашақ сарбаздарға жаттығуға кірісіп, әскерге дайын болуды кеңес етемін», – деді ол.
Жақыповтың айтуынша, оның жобаларынан қатысқан жастардың 90%-ы өмірін түбегейлі өзгерткен. Көпшілігі марафоншы, жаттықтырушы, тәлімгер атанған. Кейбірі 50-200 келіге дейін салмақ тастаған.
«Бұл тек сыртқы өзгеріс емес, мінездің қалыптасуы. Мұндай адамдар шын мәнінде тәртіпті және физикалық тұрғыдан дайын. Бұл – әскерге қажетті басты қасиет», – деп атап өтті жаттықтырушы.
Оның пікірінше, қазіргі жастардың дене белсенділігі төмендеп, ұзақ отыру өмір салты көру, зат алмасу және жалпы денсаулыққа кері әсерін тигізіп отыр. Ал әскер осының орнын толтырып, негізгі дағдыларды қайта қалыптастыруға мүмкіндік береді.
«Әскер – бұл абырой үшін емес, Отан алдындағы борыш. Егер сарбаз өзін жақсы қырынан көрсетсе, ол жоғары оқу орнында білімін жалғастырып, кәсіби жолын Қорғаныс министрлігімен бірге жоспарлай алады. Бұл – әлеуметтік лифт», — деді ол.
Ал Ғани Артықовтың айтуынша, қазір елордада шақыру науқанының белсенді кезеңі өтіп жатыр.
Жастар алдымен медициналық комиссиядан өтеді, онда олардың денсаулығына ерекше мән беріледі. Тек толықтай жарамды деп танылған азаматтар ғана түрлі әскер түрлеріне жіберіледі.
• Десанттық-шабуыл және арнайы бөлімдерге бойы 170 см-ден жоғары, денсаулығы мен спорттық дайындығы мықты жігіттер іріктеледі.
• Жақсы жүзетіндер – Әскери-теңіз күштеріне қабылданады.
• Жоғары білімі бар математиктер мен IT-мамандар әуе шабуылына қарсы қорғаныс бөлімдерінде жұмыс істеп, зениттік жүйелер мен радарларды басқарады.
• Бағдарламашылар мен инженерлер ғылыми бөлімшелерге бөлініп, бағдарламалық қамтамасыз ету мен ақпараттық жүйелерді дамытады.
• Заң факультеттерінің түлектері көбіне Ұлттық ұлан қатарына қабылданады, себебі бұл құрылым құқық қорғау саласына кадр дайындайтын негізгі база саналады.
Ғани Артықов атап өткендей, қыркүйек айында шекара қызметі мен десанттық бөлімдер толық жасақталған. Қазан айының басында теңіз жаяу әскерлері жасақталып, қазір механикаландырылған, арнайы жасақ және барлау бөлімдері, артиллериялық құрамалар толықтырылып жатыр.
Қарашаның соңына дейін Ұлттық ұлан мен ТЖМ құтқару бөлімдеріне әскерге алу жалғасады. Бұл құрылымдарға үміткерлерге қойылатын талаптар жоғары – дене дайындығы мен кәсіби қабілеті қатаң бағаланады.
Жалпы, жыл соңына дейін елордадан 1 200-ден астам жас сарбаз әскер қатарына жөнелтілмек.