Көркем гимнастикадан жасөспірімдер арасындағы тұңғыш әлем чемпионы Ақмарал Ерекешева елордаға оралды
Бүгін Астана халықаралық әуежайында Болгарияда өткен жаһандық додада ел намысын абыроймен қорғаған көркем гимнасшыларды қарсы алу рәсімі өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Болгария астанасы Софияда өткен жасөспірімдер арасындағы үшінші әлем чемпионатында Қазақстан атынан Ақмарал Ерекешева 3 жаттығу, Айғаным Рысбек 1 жаттығу және топтық жаттығуда жүлдеге таласты.
Нәтижесінде 14 жастағы Ақмарал Ерекешева 2 алтын және 1 күміс медаль жеңіп алды.
«1 ай бұрын ғана Сингапурде өткен Азия чемпионатынан кейін қателіктеріммен жұмыс істеп, күнделікті дайындалдым. Иә, өте қиын. Бірақ 2 жылдан кейін өткізіліп жатқан әлемдік додада жоғары деңгейде өнер көрсетуге тиіспін. Бірінші кезекте ата-анама, бапкеріме өз алғысымды айтамын. Барлық қарсыластарымды елеусіз қалдырғым келмейді. Себебі өзге 60 елден келген спортшылардың да өзіндік арман, мақсаттары болды», - деді Ақмарал Ерекешева.
Бұған дейін 2019 және 2023 жылдары ұйымдастырылған жасөспірімдер әлем чемпионатында ең жоғарғы көрсеткіш Эльжана Таниеваға (4-орын) тиесілі.
«Әлем чемпионатында қазақтың көк туы алғаш рет көтерілгенде, көңіліміз босап кетті. Ақмарал 4 жасында осы спортқа келіп еді. Үздіксіз 10 жыл бойы жаттыққанның арқасында ғана осындай жоғары нәтижеге қол жеткізіп отыр. Өте қуаныштымыз. Бізді әуежайда салтанатты түрде күтіп алғандарыңызға, қолдағандарыңызға рақмет!», - деп бапкер Меруерт Балғымбаева өз ойын бөлісті.
Енді жасөспірімдердің келесі әлемдік додасы 2027 жылы Румынияда өтеді деп жоспарланған.