Елорда жаңалықтары

Көркем гимнастикадан Астана қаласының құрамы жасақталып жатыр

Елорда төрінде көркем гимнастикадан кезекті қалалық ашық чемпионат өтіп жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Чемпионатта 320 көркем гимнасшы сынға түсуде. Олардың ең жасы - 9-да.

«Жарысқа қаламыздан бөлек, Абай облысынан да келген арнайы қатысушымыз бар. Турнирдің мақсаты - 2025 жылғы ірі бәсекелерге қатысатын үздіктерді іріктеу. Алдағы Қазақстан чемпионатында ақпан айында өтетін жастар арасындағы додаға құрам таңдалады. 2015 жылға дейінгі қатысушылардың спорт шебері, спорт шеберлігіне үміткер, түрлі разрядтары бар», - деді көркем гимнастикадан Астана қаласының аға бапкері Әсел Мұстафина.

Қалалық біріншілікке қатысып жатқандардың арасында ұлттық құрамамыздың намысын қорғап жүрген Эрика Жайлауова, Ақмарал Ерекешева да бар. Тек Айбота Ертайқызына ғана демалыс берілді.

«Балаларын көркем гимнастикаға бергісі келетін ата-аналар көп. Бірақ «Думан» спорт кешені ғана биіктігі жағынан барлық талаптарға сай келеді. Көркем гимнастикада жаттығулар арнайы құралдармен жасалатындықтан, залдар тапшы. Сол себепті көп гимнасшылар жарыстардың басында-ақ еркін ашыла алмай, қателікке жол береді», - деп түйіндеді Әсел Мұстафина.

Қазіргі сәтте елордамыздағы 16 көркем гимнастика мектебінде 5000-нан астам спортшы жаттығады. Олардың қатарында Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты № 1 Балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебінде 300-ге жуық гимнасшылр тегін түрде қатысады. Қаламыздың жас таланттары Республикалық чемпионатта басты фавориттердің қатарына кіреді.