Елорда жаңалықтары

«JUMYSTAP.kz» сервистік платформасы қалай жұмыс істейді

Елордада жұмыссыздық мәселесін шешу мақсатында іске қосылған «JUMYSTAP.kz» сервистік платформасы жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілерді тікелей байланыстырып келеді. Платформаға екі ай ішінде 30 мың адам кіріп, оның 7 мыңы тіркелген. Жұмыс табуға мүмкіндік беретін сайтта қанша жарнама ұсынылған? Оның басқа платформалардан айырмашылығы қандай? Elordainfo.kz тілшісінің осы және өзге де сұрақтарына «JOLTAP» жобасының сараптама бөлімінің менеджері Ерасыл Ділдәим жауап берді.

Платформа алғаш рет тамыздың 5 күні  Астана қаласы әкімі Жеңіс Қасымбектің қатысуымен өткен «JOLTAP» жобасының түлектерімен кездесуі кезінде іске қосылды.

«JOLTAP» жобасы елордалықтардың табысын арттыруға бағытталған. Жоба аясында азаматтар мемлекеттік қолдау шаралары және қаланың өзекті жұмыс орындары жайлы кеңес алып, 16 жұмысшы және цифрлық дағды бойынша қысқа мерзімді оқудан өте алады. Қазіргі уақытта 21 мың адам осы мүмкіндікті пайдаланып үлгерді. «JUMYSTAP.kz» осы «JOLTAP» жобасының дамуының келесі қадамы болып табылады. Тамыз айынан бастап сайтқа 30 мың азамат кірді. Сайтқа тек Астана азаматтары мен бизнес өкілдері ғана емес, тіпті Алматы, Теміртау, Семей сияқты еліміздің аймақтарынан жұмыс берушілер де қосылып жатыр»,- дейді Ерасыл Ділдәим.

Сараптама бөлімінің менеджерінің сөзінше, бүгінде сайтта 1 100 хабарлама ұсынылған.

«Платформаға телефон нөмірін жазу арқылы ғана тіркелуге болады. Қазіргі уақытта сайтта 7 мың адам тіркелген. Яғни бұл әрбір төртінші адам тіркелуден өтеді деген сөз. Бұл отандық стартап үшін өте жақсы нәтиже. Осынша қолданушының ішінде 1 мыңы кәсіпорындар болса, 6 мыңы жұмыс іздеушілер. Жұмыс берушілердің ішінде ірі әрі желілік кәсіпорындар да бар. Бүгінде сайтта жұмыс бойынша 1 100 хабарлама жарияланған. Алайда бұл осыншама жұмыс орны бар деген сөз емес. Кей кезде бір хабарламаның артында 20, тіпті 200 адамға тапшылық жасырылып тұр. Яғни бос жұмыс орны саны осы 1 100 хабарламадан көп. Қоғамдық тамақтану, қызмет көрсету, сауда салаларында қызметкерлер тапшылығы бар. Онда  жұмыс берушілер кеміне 200-ден аса хабарлама қалдырған»,- дейді ол.

Ерасыл Ділдәимның айтуынша, көбіне қолданушылар кеңседегі жұмысқа, цифрлық тапсырмалар және сауда салаларына қызығушылық білдіреді екен.

«Әрбір хабарламаға жұмыс іздеушілерден кеміне 3 рет үндеу қалдырып өтті. Көбіне азаматтар сатушы-кассир, бариста, графикалық дизайн, сату менеджері, таргетолог, тігінші, СММ, бухгалтер, жүргізуші, мерчендайзер, күзетші, жүк тасымалдаушы сияқты мамандықтарға үндеу қалдырып жүр. Сайттың негізгі мақсаты жұмыс берушілер мен үміткерлерді бір-бірімен тез арада байланыстыру. Осының бәрі адамдардың ыңғайлығы үшін Whatsapp мессенджері арқылы жүзеге асырылған»,- дейді ол.

«JUMYSTAP.kz» сервистік платформасы еліміздің барлық азаматына тегін түрде қолжетімді. Негізгі қолданушылар қатарында тұрақты жұмыс іздеушілер мен үйден жұмыс істеуді қалайтын адамдар бар. Одан бөлек  уақытша тапсырыс орындаушыны іздейтін кәсіпкерлер де кездеседі.

«Бұл платформаның басқа да жұмыс іздеуге мүмкіндік беретін сайттардан айырмашылығы бар. Біріншіден, 6 мың жұмыс іздеушінің жартысы «JOLTAP» жобасының түлектері. Бұл дегеніміз жұмысқа дайын 3 мың үміткер бар деген сөз. Екіншіден, бұл жерде тек тұрақты жұмыстан бөлек, кішігірім тапсырыстарды орындайтын маман иелерін табуға болады.  Айтпақшы, тапсырыстар аумағы шектелмеген. Басқа елден тапсырыстар да қабылданады. Үшіншіден, барлығы толығымен тегін және қолданушылардың ыңғайлығы үшін тікелей Whatsapp арқылы байланыс қарастырылған. Осылайша сіз жұмысты немесе қызметкерді делдалсыз және төлемсіз таба аласыз. Мемлекет басшысы алдағы жылды – Жұмысшы мамандықтар  жылы деп жариялады. Осыған байланысты «JUMYSTAP.kz» сайты халық арасында жұмысшы мамандықтарды ілгерілетуге және еңбек құндылықтарын жаюға өз үлесін қосады деп үміттенеміз»,- деді Сараптама бөлімінің менеджері.

Жаңадан құрылған сайтта күн сайын қолданушылар пікірі ескеріп, оның жұмысы жақсарып келеді.  Платформада қатаң модерация қарастырылған. Егер кейбір жұмыс іздеуге мүмкіндік беретін платформаларда алаяқтар кезігетін болса, бұл сайтта мұндай хабарламаларға жол берілмейді.