JOLTAP жобасынан алған білімім табыс әкелетініне сенімдімін – қатысушы
Астана қаласы әкімдігінің бастамасымен қолға алынған JOLTAP жобасы қазір елордалықтар арасында кең танылып отыр. Аталған жоба арқылы тегін курс оқып, кәсіби дағдыларын табыс көзіне айналдырып жатқан тұрғындардың қарасы көп. Солардың бірі Анжела Қожниязова JOLTAP жобасында үш бағыт бойынша қысқа мерзімді курс оқып, жаңа мамандықтарды игерді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
JOLTAP жобасының аясында «Freelance мүмкіндік» деп аталатын бағдарлама нарықта сұранысқа ие және танымал цифрлық дағдыларды оқытуға бағытталған. Бағдарламадан курс қатысушылары SMM, таргет, видеография, мобилография, графикалық дизайн, маркетплейс, сайттарды әзірлеу сияқты сегіз базалық біліктілікті игеріп шығады. Мәселен, елорда тұрғыны Анжела Қожниязова қысқа мерзімді курстардан мобилография, таргетолог, графикалық дизайн сияқты заманауи пайдалы дағдыларды игеріп шыққан.
«Мен елордадағы жеке музыкалық мектептің басқарушысымын. Онда тұрғындар фортепиано, гитара, домбыра және вокал бойынша сабақтар алады. Жүзеге асырылып жатқан жұмыстарымызды көпшілікке таныстырып, контент түсіру үшін маған мобилография дағдылары қажет болды. Ал таргетолог дағдыларын үйрену арқылы мектебімізге айына 300-ден астам тапсырыс түсірдік. Графикалық дизайнды білуімнің нәтижесінде әлеуметтік желіге оқырманға тартымды макеттер жасай бастадым. Мұның бәрі жұмысымыздың алға жылжуына әсер етті. Осылайша JOLTAP жобасынан үш бағыт бойынша қысқа мерзімді курс оқып шықтым», - Анжела Маратқызы.
Ол қала тұрғындарына осындай теңдессіз мүмкіндік беріп отырған жобаның тиімділігін жоғары бағалады. Сондай-ақ жоба ұйымдастырушыларына сапалы білім бергендері үшін зор алғысын білдірді.
«Бұл білім арқылы шынайы өмірде шын табыс таба алатыныма сенімдімін. Сондықтан елордалықтарға осы курстарға жазылсаңыздар, өкінбейсіздер дегім келеді. Бұл - сөзсіз қажетті білім», - жоба қатысушысы.
JOLTAP жобасы аясында жоғарыда аталған бағдарламадан бөлек, тігінші, кассир сияқты сауда, құрылыс және қызмет көрсету салаларына білікті жұмысшы мамандарды дайындайтын тегін қысқа мерзімді курстар да бар.
Сондай-ақ көпшілік шоғырланатын жерлерде орналасқан «Баршаға мүмкіндік» модульдік пункттері азаматтарға тұрғын үй бағдарламалары, бизнес гранттары, әлеуметтік көмектер және жұмысқа орналасу туралы да ақпараттар береді.
Айта кетейік, JOLTAP қысқа мерзімді оқыту бағдарламасы 18-50 жас аралығындағы Астана тұрғындары үшін қолжетімді. Оқудан кейін қатысушыларға сертификат беріледі.
Ал түлектердің кандидатуралары JUMYS TAP Telegram-ботында тегін жарнамаланатын болады. Толық ақпаратты call-орталықтың нөмірі бойынша білуге болады: +7 (707) 221 31-31.