Елорда жаңалықтары

JOLTAP жобасы бірнеше мамандық меңгеруге мүмкіндік береді – елордалық кәсіпкер

Елордада жұмыссыз қала тұрғындарының екі қолға бір күрек тауып, қаржылық жағдайын жақсартуына мүмкіндік беретін JOLTAP жобасы жалғасып жатыр. Нәтижесінде жоба қатысушылары жұмысқа орналасып, тіпті өз кәсібін бастап жатқандар да бар, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Ләззат Ибраева - 10 жылдан бері әйелдер киімін сатып жүрген елордалық кәсіпкер. Ол  JOLTAP жобасы бойынша 3 оқу курсын тәмамдаған.  Кәсіпкер бұл жобаға кездейсоқ келгенін айтады.

«Мен 10 жылдан бері  киім сатып, кәсіп жүргізіп келемін. Дегенмен оқудың ерте-кеші жоқ деп ойлаймын. Бұл жобаға қызымның айтуы бойынша келдім. Былтыр ол мобилография курсын оқуды қалап, курсқа жазылуға бірге барған едік. Осылайша жоба бойынша басқа да мамандықтар тізімімен таныстым. Сол кезде «маған да оқуға бола ма?» деген сұрақ туындады. Курс туралы жалпы ақпараттарды алған соң, «Модельер-конструктор» курсына жазылдым», - дейді қала тұрғыны. 

фото: Ләззат Ибраеваның жеке мұрағатынан

Ләззат Ибраева алғашқы оқуды аяқтаған соң, әрі қарай  «Тігін ісі» курсына жазылып, тағы бір жаңа мамандықты меңгеріп алған. 

«Модельер-конструктор» курсы екі аптаға созылды. Осы уақыт ішінде киімдерді пішу, кесу және оның үлгісін жасауды үйрендік. Кейін осы сала қызық болған соң, «Тігін ісі» курсына жазылдым. Біз 3 апта бойы киім тігу және киімдерді қайта жөндеу тәселдерімен танысып, тәжірибеден өттік. Бүгінде алған білімдерімді  тауар таңдауда қолданып жүрмін. Киімдердің дұрыс тігілгені мен үлгісі дұрыс жасалғанын нақты айта аламын. Тіпті кейде киімді өлшеп көрген сатып алушылардан кейін ақаулар болуы мүмкін. Оны өзім қайта жөндеп аламын», - дейді ол.

фото: Ләззат Ибраеваның жеке мұрағатынан

Елордалық кәсіпкер наурыз айында онлайн сауда жасау негіздерін де меңгеріп алған. 

«Қазір онлайн сауда қызу жүріп жатыр. Сондықтан тауарларымды онлайн сату үшін «Kaspi-де жұмыс жасау негіздері» курсын оқып алдым. Алты күн ішінде онлайн платформаға тіркелу, сату және жеткізу туралы көп ақпаратты білдім. Алдағы уақытта әйелдерге арналған киімдерді онлайн сатуды қолға аламын.  Жалпы маған бұл жоба қатты ұнады. Тек бір оқумен шектемей, тұрғындарға бірнеше мамандық меңгеруге мүмкіндік береді. Оқытушылардың кәсібилігі мен шыдамдылығы үшін алғысымды білдіремін», - деді Ләззат Ибраева.

Айта кетейік, JOLTAP қысқа мерзімді оқыту бағдарламасы 18-50 жас аралығындағы Астана тұрғындары үшін қолжетімді. Оқудан кейін қатысушыларға сертификат беріледі. Ал түлектердің кандидатуралары JUMYSTAP Telegram-ботында тегін жарнамаланатын болады.