«JOLTAP» жобасы аясында 5,6 мыңнан астам қала тұрғыны жаңа кәсіп игерді
Бұл туралы Астана қаласы әкімі Жеңіс Қасымбек өзінің Instagram-дағы парақшасында жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Біз үшін маңызды міндеттердің бірі – тұрғындарды жұмысқа орналастыру. Өмір сүру сапасы негізінен оқыған мамандық пен жұмысқа байланысты. Алайда, өкінішке қарай, бәрі бірдей мамандық иесі атана алған жоқ. Сондықтан біз «JOLTAP» әлеуметтік жобасын қолға алдық. Бұл жоба жаңа мамандықтарды тегін меңгеріп, өз кәсібін ашуға, осы арқылы жұмыс табуға және 52 мемлекеттік қолдау шарасы бойынша кеңес алуға мүмкіндік береді», - деді Астана қаласы әкімі Жеңіс Қасымбек.
Бүгін, 29 тамыз күні «JOLTAP» жобасының бастау алғанына бір жыл болды. Астана қаласы әкімі осы мерзім аралығында жоба аясында атқарылған істерге тоқталды.
«Осы қысқа мерзім ішінде 5,6 мыңнан астам қала тұрғыны жоба бойынша оқудан өтті. 3,2 мыңнан астам адам жұмысқа орналасты, сол сияқты тапсырыстарды қашықтан қабылдай бастады немесе өз ісін ашты», - деді Ж.Қасымбек.
Оның айтуынша, «JOLTAP» жобасы Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында іске асып жатыр және жұмыспен қамту саласында қолданыста бар шараларға қосымша болып есептеледі.
«Қалада «Баршаға мүмкіндік» модульдік пунктері жұмыс істейді, онда тұрғындар 52 мемлекеттік қолдау шарасы, жұмысқа орналасу мүмкіндіктері, қысқа мерзімді оқуға жазылу және т.б. бойынша кеңес ала алады.
Оқуға тоқталар болсақ, қала тұрғындары 8 жұмыс дағдысы (тігінші, модельер-конструктор, бухгалтерлік есеп негіздері, корпустық жиһаз жасау негіздері, сатушы-кассир, электрлі газбен дәнекерлеуші, бариста, аяқ киім жөндеу) және 7 цифрлық дағды (SMM, сайт әзірлеу, видеомонтаж, графикалық дизайн, мобилография, маркетплейстердегі сауда, таргет) бойынша тегін оқудан өте алады.
Сонымен қатар, жұмыс іздеушілерді жұмыс берушілермен және тапсырыс берушілермен байланыстыратын «JUMYSTAP» сервистік платформасы бар. Жоба қаланың негізгі желілік және ірі жұмыс берушілерін қамтиды», - деп жазды қала әкімі.
Айта кетейік, «JOLTAP» жобасы туралы 8 707-221-31-31 нөмірі арқылы Call-орталыққа хабарласып, толық мәлімет алуға болады.