IT мамандарын даярлайтын мектеп 5 жылдығын атап өтті
Бүгін Астанада Alem School бағдарламалау мектебі өзінің бес жылдық мерейтойын атап өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Оған студенттер, түлектер, серіктестер және IT саласының жетекші өкілдері қатысты. Мұнда олар әлемнің түкпір-түкпірінен келген IT мамандарымен тәжірибе алмасып, жаңа идеялар мен мүмкіндіктерді талқылады.
Бұл – Орталық Азиядағы алғашқы бағдарламалау мектебі. Соңғы бес жыл ішінде мектеп көпшілікке жетекші білім беру орталығы ретінде танылды. Білім беру ұйымы Tesla, Google, Amazon секілді әлемдік компанияларда және Kaspi, InDrive, Forte Bank сияқты еліміздің ең ірі компанияларында жұмыс істейтін 600-ден астам жоғары білікті маман даярлады.
«Біздің мақсатымыз – студенттерді бағдарламалаумен қоса, шығармашылық ойлау қабілетін дамытуға үйрету. Себебі сол кезде олар қазіргі еңбек нарығының талаптарына бейімделе алады. Біз Қазақстан мен әлемнің IT саласын дамытуға елеулі үлес қосатын мамандарды даярлауды жалғастырамыз», - деп атап өтті Alem School Директорлар кеңесінің төрағасы Ермек Күзенбаев.
Мектеп студенттердің нақты жобалармен жұмыс істеуіне негізделген бірегей модель бойынша жұмыс істейді. Дәстүрлі оқу орындарынан айырмашылығы да бар. Мұнда оқытушылар дәрістер жүргізбейді. Студенттер бір-біріне үйретеді және практикалық дағдыларды дамытады. Бұл оларға еңбек нарығында сұранысқа ие маман болуға көмектеседі.
Alem School өз жұмысын бастағаннан бері 16 қабылдау ұйымдастырды. Нәтижесінде 920-дан астам студент мектепке қабылданды. Қазіргі уақытта мектепте 350-ден астам студент оқып жатыр.
«Біз түлектеріміздің жетістіктерімен мақтанамыз және келесі 5 жылда Alem платформасын дамыту, жаңа технологиялар мен әдістемелерді енгізу арқылы халықаралық IT-нарығына қосымша мамандар даярлайтынымызға сенімдіміз», - деді Ермек Күзенбаев.
Alem School өз миссиясын орындауды және студенттердің кәсіби өсуіне мүмкіндіктер ұсынуды жалғастырады.