Елорда жаңалықтары

Өңірлік кадр резерві мүшелері лауазымға тағайындалды

Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесін дамыту шеңберінде Өңірлік кадрлық резерв құру бастамасы қолға алынған болатын, деп хабарлады Elordainfo.kz Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментіне сілтеме жасап.

Бұл резервтің мақсаты – талантты, жоғары әлеуетті мамандарды анықтау, дамыту және оларды өңірлердегі стратегиялық маңызды міндеттерді шешуге тарту.

Астана қаласының Өңірлік кадрлық резервіне 49 резервші қабылданды, оның ішінде 30 резервші іріктеу арқылы, ал 19 резервші  іріктеуден тыс Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар кадр резерві жөніндегі ұлттық комиссия бекіткен тізімге сәйкес Президенттік жастар кадр резервінің кандидаттары ретінде қабылданды.

 Бүгінде, Астана қаласында жаңадан құрылған «Сарайшық» ауданына Өңірлік кадрлық резервінің 2 мүшесі конкурстан тыс Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің келісімі негізінде тағайындалды.

ҚУАНЫШ Орынбек Саматұлы Астана қаласының «Сарайшық» ауданы әкімінің орынбасары міндетін атқарушы.

Резервші - «Тунцзи» (ҚХР) Университетінің және Назарбаев Университетінің түлегі.

Аталған лауазымға тағайындалғанға дейін Астана қаласы әкімдігі жанындағы «Astana Invest» қалалық инвестицияларды дамыту орталығы Басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарған. Сондай-ақ, «Зерде» ұлттық инфокоммуникациялық холдингі» АҚ, «Самұрық-Қазына» құрылымдарында, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі және Қазақстан Республикасы Үкіметінің Аппараты сияқты мемлекеттік органдарда және квазимемлекеттік ұйымдарда жұмыс тәжірибесі бар.

 ҚҰДАЙБЕРГЕН Шұғыла Серікханқызы Астана қаласының «Сарайшық» ауданы әкімінің орынбасары.

Резервші - Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің түлегі.

Аталған лауазымға тағайындалғанға дейін Астана қаласының «Байқоңыр» ауданында қызметін атқарған. Сондай-ақ оның еңбек жолы «Сарыарқа»  ауданы әкімінің орынбасары, Астана қаласының Қоғамдық даму істері, Жастар саясаты мәселелері басқармаларында, «Жас Ұлан» ББЖҰ РҚБ, Астана қалалық «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» жастар қанатының хатшылығында тәжірибесі бар.