Индонезияда есірткімен ұсталған екі қазақстандық қандай жазаға тартылуы мүмкін
Балиде есірткі тасымалдайды деген күдікке ілінген екі қазақстандықтың қалай қолға түскені туралы тың ақпарат тарады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Thebalimedia-ның жазуынша, 28 және 35 жастағы екі ер адам Бали аралының Гианьяр өңірінде метамфетамин есірткісін таратпақ болған жерінен ұсталған. Полицейлер жол жиегінде күмәнді әрекет жасап тұрған күдіктілерді байқаған. Олардың бірі мотоциклден түсіп, жол жиегінен бір нәрсені іздеген, екіншісі көліктің моторын өшірмей күтіп тұрған.
Тінту барысында күдіктілерден жалпы салмағы 49,18 грамм болатын 30 түйіншек метамфетамин тәркіленді.
Бастапқы тергеу деректеріне сәйкес, ұсталған азаматтар Ресеймен байланысы бар халықаралық есірткі синдикатының құрамында болған. Олар есірткіні шетелдік азаматтарға тарату мақсатында әкелген.
Екі ер адамның іс-қимылын EVIL деген тұлға ұйымдастырған. Қазір оған іздеу жарияланды. EVIL Индонезия аумағынан тыс жерде болуы мүмкін.
Күдіктілер Индонезияның 2009 жылғы №35 Есірткі туралы заңының 112-бабы 2-тармағы бойынша айыпталып отыр. Бұл бапқа сәйкес, оларға 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Қазіргі уақытта олар уақытша ұстау изоляторында қамауда отыр.
Еске салайық, бұған дейін екі қазақстандықтың есірткі тасымалы үшін Индонезияда ұсталғаны белгілі болды. Ақпаратты Сыртқы істер министрлігі растады. Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаевтың сөзінше, екі ел арасында тұтқын алмасу туралы құжат жоқ, алайда ведомство Индонезияға ресми сауал жолдайтынын мәлімдеген.