Елорда жаңалықтары

«Халықпен бірге!»: Amanat партиясында Астана қаласы әкімдігінің есебі тыңдалды

Amanat партиясының Орталық аппаратында өткен жиында Астана қаласы әкімдігінің өкілдері Amanat партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру барысы туралы есеп берді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Астанада сайлауалды бағдарламаны жүзеге асыру барысында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді. Мәселен, 42 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды. Сондай-ақ 260 млрд теңге сомасына 40 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, ол өз кезегінде 2,4 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 30 400 оқушыға арналған 16 мектеп ашылды.

Елорданың оң және сол жағалауын байланыстырып, Есіл өзені арқылы өтетін автожол көпірі салынды. Бұл қадам көлік ағынын айтарлықтай азайтуға мүмкіндік беріп, қаладағы жол жағдайын жақсартты.

Осылайша, Amanat партиясының сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру жұмысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Дегенмен, айрықша назар аударуды және жедел шешімін табуды қажет ететін мәселелер бар.

Мониторинг қорытындысы бойынша, сайлауалды бағдарламаны жүзеге асырудың Жол картасында жоспарланған пункттердің 86%-ы орындалды. Алайда 14%-ның орындалмай қалу қаупі бар. Атап айтқанда, инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобалар бойынша бірқатар мәселе туындауда.

Партия хатшысы Ержан Жылқыбаев қалған жобаларға қатысты жұмысты жеделдету қажет екенін атап өтті.

«Сайлауалды бағдарламаны жүзеге асыру қарқынын төмендетпеу қажет. Азаматтарға уәде етілген жобаларды жүзеге асыру үшін барлық кедергіні жойып, ресурстарды жұмылдыру керек», - деді ол.