Елордада ҚХА ғылыми – сараптамалық тобының отырысы өтті
Достық үйінде Астана қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы ғылыми – сараптамалық тобының отырысы өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Оған Астана қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы ғылыми–сараптамалық тобының мүшелері, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, Астана қаласындағы «Ассамблея жастары» РҚБ өкілдігінің мүшелері қатысты.
Іс-шараның модераторы, ҚХА Кеңесі төрағасының орынбасары Әміржан Әлпейісов әуелі қатысушыларды алда келе жатқан Тәуелсіздік күнімен құттықтап, халқымыздың мәңгілік құндылығы саналатын егемендігіміз жайлы баяндады.
Отырыста ұлттық бірлікті нығайту және этномәдени үдерістерді ғылыми сүйемелдеу мәселелелері бойынша келелі ұсыныстар айтылды.
Мақсұт Нәрікбаев университетінің профессоры, PhD докторы Рахметолла Закарья этносаралық бірлікті нығайту мен жастарды дамытудағы ғылым мен инновацияның рөлін айтып берді.
«Елімізде 100-ден астам этнос өкілдері тұрады. Бейбітшілік пен татулығымыз басқа мемлекеттерге үлгі болып келеді. Соңғы уақыттарда көптеген мемлекеттерде түрлі шиеліністер болып жатыр. Оның қатарында Ресей мен Украина, Сирия ішіндегі азаматтық соғыс, Израил мен Палестина арасындағы кикілжіңді атауға болады. Соғыс болып жатқан елде білім-ғылымды дамыту мүмкін емес. Ал біздің мемлекетімізде бірлік пен татулықтың арқасында ғылым-білім дамып жатыр деп айта аламыз.
Жастарды ел болашағы деп қана емес, мемлекеттің дамуына үлес қосып жатқан серіктестер деп те санаймыз. Жас ғалымдар ғылыммен айналысып, түрлі стартаптарды істеп, алуан инновациялық технологиялар ойлап тауып, отандық және шетелдік ғылыми жобаларға белсенді қатысып жатыр. Мемлекетіміз де ғылымға ұмтылған жастарға мүмкіндіктер жасауда», - деді Р. Закарья.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті магистрі Анель Пимичева қазақ тілін үйрету бойынша қолға алған жобаларының нәтижелерін айтып, осы тұрғыда өз ұсынысын білдірді.
«Қазақ тілін жақсы меңгергендіктен, көптеген жобаларды жүзеге асырып келемін. Ең бірінші жобам - AMANAT партиясының жанындағы Жастар қанатының «Сөйле» жобасы. Бұл жобаны Қостанайда жоғарғы оқу орнын оқып жүріп ұйымдастырған болатынмын. Бір жылдам астам уақытта 200-ден астам тіл білсем деген ниеттегі жандарға қазақ тілінде өз ойларын емін-еркін меңгеруі үшін қолайлы орта қалыптастыруға тырыстық. Бұл жобада 9-сынып оқушысынан бастап зейнеткерлерге дейін қызығушылық білдірген жандарға қазақ тілін ауызекі сөйлеуге үйреттік. Бұл әлі де жалғасын табуда.
Ал 2023 жылы Қостанай телеарнасына тілші ретінде шақырту алып, «Время говорить» жобасын жүзеге асырдым.
Осындай жобаларды жүзеге асырып, мемлекеттік тілдің қолданысын кеңейтуге атсалысып жүрген жастарды көп көрдім. Осы орайда олардың да еңбегін көрсетсек, насихаттасақ деген ұсынысымды білдіремін», - деді А. Пимичева.
Іс-шара соңында қатысушылар өзара пікір алмасып, келесі отырыста қаралатын мәселелерді айқындады.
Айта кетейік, ғылыми–сараптамалық топ - Астана қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылымдық бөлімшелерінің бірі. Негізгі қызметі этносаясаттың өзекті бағыттары бойынша ҚХА қызметін ғылыми-сараптамалық сүйемелдеу болып табылады.