Футбол матчынан кейін астаналықтар стадиондағы қоқысты жинады
«Астана Аренада» өткен «Қайрат» пен «Ақтөбе» арасындағы футбол матчы аяқталғаннан кейін командалардың жанкүйерлері стадион трибуналарын қоқыстан тазартып, өзгелерге үлгі көрсетті, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Бүгін «Астана Аренада» Қазақстан Суперкубогы аясында «Қайрат» пен «Ақтөбе» командалары арасында кездесу өтті. Кездесу 2:0 есебімен «Қайраттың» жеңісімен аяқталды.
Ойыннан кейін елордалық жанкүйерлер стадион трибунасында қалған қоқысты шығарды.
«Матч та, осы заманауи арена да бізге ұмытылмас эмоция сыйлады, олар біздің жадымызда өшпестей сақталады. Футбол командалары мен стадион қызметкерлеріне алғыс ретінде трибунаны тазартуға үлес қосуды жөн санадым, осылайша құрметімді көрсеттім. Менің ойымша, бұл жаңа нормаға айналуы керек, өйткені матчтан кейінгі таза трибуна – қоғам дамуының жоғары деңгейінің белгісі», - деді жанкүйерлердің бірі.
Футбол матчын 30 мыңға жуық көрермен тамашалады. Ал елордалық жанкүйерлердің мұндай бастамалары дәстүрге айналып келеді.