Елорда жаңалықтары

АҚШ-тан есірткі жеткізумен айналысқан астаналық екі азамат сотталды

АҚШ-тан есірткі және психотроптық заттарды пошта арқылы халық тұтынатын тауарлар ретінде жеткізумен айналысқан Астана тұрғыны бас бостандығынан айырылды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарлауынша,  қызметтік иттің көмегімен тексеру жүргізу кезінде кедендік бақылау аймағындағы уақытша сақтау қоймасында жалпы салмағы шамамен 1 кг болатын «гашиш» табылған.

Сонымен қатар, сотқа дейінгі тергеу барысында жүргізілген мониторинг нәтижесінде «Қазпошта» АҚ қалалық филиалдарының бірінде тапсырыс берушінің атына тағы бір сәлемдеменің бар екені анықталды.

Сәлемдемеде жалпы салмағы 7 грамнан асатын күшті психотропты зат – тетрагидроканнабинол және оның изомерлері табылды.

«Айыпталушылардың бірінің пәтерін тінту кезінде есірткі құралдары, сондай-ақ орауыш материалдар мен таразы табылды. Сот шешімімен екі адам кінәлі деп танылып, орташа қауіпсіздік колониясында жазасын өтей отырып, 8 және 18 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды», - делінген хабарламада.