Есіл ауданында аулалардың 90%-ы абаттандырылды – әкім
Бүгін Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Есіл ауданының тұрғындарымен кездесті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Кездесу барысында елорда әкімі Жеңіс Қасымбек жол, газдандыру, қоғамдық көлік, әлеуметтік нысандар және өзге маңызды салалар бойынша тұрғындардың сауалдарына жауап берді.
Ал аудан әкімі Дәрменияр Қыдырбек-ұлы атқарылған жұмыстар жайлы айтты.
«Ауданда барлығы 357 аула болса, оның 89 % (317) абаттандырылған. Өткен жылы 9 аулаға кешенді абаттандыру жұмыстарын жүргіздік. Сонымен қатар, тұрғындардан iKOMEKke түскен өтініштерін, ескере отырып қосымша 49 аулада жөндеу- қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Нəтижесінде: шағын архитектуралық формалар (МАФ) ауыстырылып, футбол алаңдары мен хоккей бауына жөндеу жұмыстары жүргізіліп жəне жол кедергілері орнатылды. 2025 жылға аулаларды абаттандыруды Халық қатысатын бюджет жобасы арқылы жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз, 1 наурызға дейін өтініштер қабылдануда», - деді Дәрменияр Қыдырбек-ұлы
Сондай-ақ әкім ауданды жарықтандыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайлы айтты.
«Ауданда барлығы 139 көше бар, олар 15 мыңға жуық жарық нүктелерімен жарықтандырылған. Өткен жылы Керей Жəнібек Хандары көшесінің бойында 1,4 км, ал Əуежай бағыты бойынша 10 км кабель желілері ауыстырылды. Сонымен қатар «Шұбар» шағын ауданында көшелерде жарықтандыру жұмыстары басталды, қазіргі уақытта 3 көшеге жарық орнатылды, бұл жұмыстар биыл да жалғасады», - деді әкім.
Одан бөлек, iKOMEK бірыңғай байланыс орталығы, Telegram, Instagram жəне WhatsApp желілер арқылы 15 мыңнан астам өтініш жұмысқа алынды. Сол сұрақтардың 95 % шешімін тапқан.