Есікті бүлдірген: Елордада белгісіз ер адам балалар кафесін бұзып кірмек болған
Елордада белгісіз ер адам балалар кафесінің кіре берісін бүлдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Бұл туралы балалар кафесінің қожайыны «Ваня Дулин» есімді кәсіпкер әлеуметтік желіде жариялады.
Бейнежазбадағы әрекетіне қарағанда ол ішімдікке масайып, балалар кафесінің ішіне кірмек болады. Жабық тұрған есікті бұзып кіре алмаған соң жан-жағындағы қолына іліккен заттарды бүлдіре бастаған.
«Тоғыз жылдан бері жұмыс істеп тұрған бұл кафе елорданың қақ ортасында, «Мәңгілік Ел» қақпасының жанында орналасқан. Мен үшін бұл кафе күн сайын балалардың асыр салып ойнап, шаттыққа бөленетін үйі сияқты еді. Белгісіз адам кенеттен балғын балалықтың жылы ұясын таптап тастағандай болды», - деп жазды ол инстаграм парақшасында.
Оның сөзінше, вандал балаларға арналған аэрохоккейін сындырып, қалқанды жұлып, есікке зақым келтірген.
Аталған факт бойынша Астана қаласы Полиция департаменті «Есіл» аудандық полиция басқармасы күдікті анықталған соң оның бұл әрекетіне құқықтық баға берілетінін хабарлады.
«Сонымен қатар құқықбұзушыларға уақтылы ден қою мақсатында тұрғындарға мұндай фактілер туралы полицияға «102» нөміріне хабарлау ұсынылады», - делінген «Есіл» аудандық полиция басқармасының хабарламасында.