Елорда жаңалықтары

Ерлан Каналимов табысты жұмыс істеп жатқан кәсіпорындардың үздік қызметкерлерін марапаттады

Бұл туралы Астана қаласы мәслихаты төрағасы Ерлан Каналимов өзінің Instagram парақшасында жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz. 

 «Республика күні қарсаңында әріптестеріммен бірге Индустриялық парк №1-де табысты жұмыс істеп жатқан екі кәсіпорында болып, үздік қызметкерлерге алғыс хаттар табыстадық. «Елберен» серіктестігі қағаз өнімдері мен химиялық заттар өндірісімен айналысады, ал «Barys E&T» ЖШС радиостанциялар мен электронды құрылғыларды шығарады. Екі кәсіпорынның өндірістік қуаты әсерлі болғанымен, қолдауды қажет етеді, бұл мәселелерді тұрақты комиссияның жұмыс отырыстарында талқылайтын боламыз», - деді Е.Каналимов. 

Ол, сондай-ақ, елордада жұмыс істейтін екі арнайы экономикалық аймақтың әлеуеті туралы жазды. 

 «Астана – жаңа қала» және «Астана-Технополис». Біріншісінің құрамына 598 гектар аумақты алып жатқан Индустриялық парк №1 кіреді. Мұнда 245,82 млрд теңге сомасына 57 жоба іске қосылып, 5893 тұрақты жұмыс орны ашылған. «Астана – жаңа қала» СЭЗ-і құрылған сәттен бастап өндіріс көлемі 7 434 млрд теңгеге жетті, экспорт көлемі – 140,15 млрд теңгені құрады, ал салықтық түсімдер көлемі 230 млрд теңгеден асты», - деді ол.