Елорда жаңалықтары

Ерлан Каналимов: Спорт мектептері 100 пайыз жабдықталуы керек

Бүгін әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында екі жылға арналған қала бюджетін қалыптастыру үшін бюджеттік өтінімдер талқыланды. Бұл жөнінде Астана қаласы мәслихаты төрағасы Ерлан Каналимов өзінің Facebook парақшасында жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Мәдениет, спорт және дене шынықтыру, білім, қоғамдық денсаулық сақтау, тілдерді дамыту және архив ісі басқармалары қаржылық қажеттіліктерін баяндады. Біздің балаларымыз білім алатын спорт мектептері 100 пайыз жабдықтармен, спорттық құрал-жабдықтармен және автокөлікпен қамтамасыз етілуі тиіс екенін атап өттім», - деді Е.Каналимов.

Ол, әсіресе, бұқаралық спорт және дене шынықтыру саласы тұрғын алаптарда дамуы керектігін айтты. 

«Бұл мәдениет саласына да қатысты. Депутаттар осы салаларды дамытуға бағытталған кешенді жоспарларға және елорда әкімдігімен келісілген үш жылдық жоспарларға сәйкес қаржылық қаражатты бөлу бойынша көзқарастарын ұсынды», - деді Астана қаласы мәслихаты депутаты.