Елорда жаңалықтары

Ерлан Каналимов: Мемлекет және қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімұлы 80 жасқа толды

Бұл туралы Астана қаласы мәслихаты төрағасы Ерлан Каналимов өзінің Facebook-тегі  парақшасында жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Астана қаласы мәслихаты төрағасы мерейтой иесін депутаттар атынан мерейлі жасымен құттықтады.   

«Бүгін Қазақстан Республикасының көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімұлы 80 жасқа толды. Оралбай Әбдікәрімұлының өмір жолы — Отанына адал қызмет ету мен еңбекке деген үлкен құрметтің жарқын үлгісі. 1969 жылы «Шахтинскжилстрой» трестінің комсомол комитетінің хатшысы қызметінен бастап, маңызды мемлекеттік қызметтерді атқарды. 2004-2007 жылдары Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы, Мемлекет басшысының кеңесшісі, Парламент Сенатының депутаты және Сенаторлар кеңесінің мүшесі ретінде қызметін жалғастырды.

Қоғам мен мемлекет алдындағы ерекше еңбегі үшін Оралбай Әбдікәрімұлы көптеген мемлекеттік наградаларға, соның ішінде «Барыс» орденінің I және II дәрежелеріне ие болды.

Астана қаласының мәслихат депутаттары атынан, әріптесім Кендебай Сарыбайұлымен бірге мерейтой иесіне зор құрметімізді білдіріп, оған денсаулық, бақыт, сарқылмас қуат және ұзақ ғұмыр тіледік», - деп жазды Е.Каналимов.