Елорда жаңалықтары

Ерлан Каналимов энергетика саласының қызметкерлерін құттықтады

Бүгін Е.Рахмадиев атындағы қалалық филармонияда Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов энергетика саласының қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Мәслихат төрағасы құттықтау барысында елорда тұрғындарының өмір сүру сапасы өмірді қамтамасыз ету нысандарының тұрақты жұмысына тікелей байланысты екенін, ал энергетика бұл жүйеде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Екі жыл бұрын қаланы жылумен қамтамасыз етуде қиындықтар болды.

Бұл мәселені шешу үшін ауқымды жобалар іске асырылды: «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу станциясы салынып, пайдалануға берілді; «Тұран» газ жылу станциясы құрылысының бірінші кезеңі аяқталды; Осы жаңа нысандар қалаға қосымша 1100 Гкал/сағ қамтамасыз етіп, елорданың жылумен жабдықталуын жақсартуда маңызды қадам болды.

«Құрметті энергетика саласының қызметкерлері!

Энергетик мамандығы қай кезде де ең құрметті және мәртебелі мамандықтардың бірі болып саналады. Оның маңыздылығын асыра бағалау мүмкін емес, өйткені елорданың тұрғын үйлерінде жылу мен жайлылық орнауы – энергетиктердің күнделікті еңбегінің арқасы.

Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Сіздерге мықты денсаулық, жұмыстарыңызға сәттілік, отбасыларыңызға береке және жаңа жетістіктер тілеймін!» - деп жазды Е.Каналимов.