Елорда жаңалықтары

Ерлан Каналимов: Елордада «Креативті қалалар: Астана – Мәскеу» іскерлік форумы өтті

Бүгін елордада Мәскеу қаласының күндері аясында Мәскеу Үкіметінің министрі Сергей Черемин және Мәскеу қалалық Думасының төрағасы Алексей Шапошниковтың қатысуымен «Креативті қалалар Астана-Мәскеу» іскерлік форумы өтті. Бұл жөнінде Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Ерлан Каналимовтың айтуынша, Астана қаласы креативті индустрияны дамыту бойынша көшбасшы қалалардың бірі болып саналады. Бұл салаға 30-дан астам нысан кіреді, олардың ішінде концерттік іс-шараларды ұйымдастыру, көрмелер өткізу, музей мен театр қызметі, цирк өнері және IT саласының дамуы бар.

«Креативті индустрияның дамуы Астана қаласының мәслихаты мен әкімдігі бекіткен мәдениет саласын дамытудың Кешенді жоспарына енгізілген. Үш жылға есептелген бұл құжат мәдениет қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңмен арттыруды, музейлер мен театрлардың құрылысын және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуді көздейді. Ал ерекше оқиға ретінде елордада жақында өткен алғашқы QARA Forum аталып өтті. Форумның басты мақсаты — ел экономикасының бір бөлігі ретінде креативті индустрияға инвестиция тарту. Іс-шарада үш панельдік пікірталас сессиясына 60 спикер қатысты», - деп жазды Е.Каналимов.