Елорда жаңалықтары

Энергетиктердің еңбегі әрдайым құрмет пен ықыласқа ие - Ерлан Каналимов

Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында энергетика саласының мамандарын кәсіби мерекесімен құттықтады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Энергетиктердің еңбегі әрдайым құрмет пен ықыласқа ие болып келеді, оның маңыздылығын асыра бағалау мүмкін емес. Энергетиктер күн сайын ерлік көрсетіп, елорда тұрғындарының үйлерінде үнемі жылу болуын қамтамасыз ету үшін адал қызмет атқарады. Бүгін 45 жылдығын атап өтіп отырған ТЭЦ-2 қызметкерлеріне құрмет көрсетілді. Осы жылдар ішінде станция 82 миллиард кВт·сағ электр энергиясы мен 134 миллион Гкал жылу энергиясын өндірді»,- деп жазды Е.Каналимов. 

Мәслихат төрағасы энергетика саласы ел экономикасының дамуына серпін беретінін атап өтті. 

«2023 жылдың қазан айында жылу қуаты 480 Гкал/сағ болатын ТЭЦ-3, қараша айында қуаты 363 Гкал/сағ құрайтын «Оңтүстік-Шығыс» магистралдық жылу жүйесі, 2024 жылдың ақпан айында қуаты 344 Гкал/сағ болатын «Тұран» газ жылу станциясы іске қосылды. Бүгінгі күні энергетика ел экономикасының дамуына серпін беретін негізгі салалардың бірі. Құрметті энергетиктер, сіздерді осы тамаша мерейтоймен шын жүректен құттықтаймын, мықты денсаулық, жұмыстарыңызда табыс пен отбасыларыңызға амандық тілеймін!»,- деді мәслихат төрағасы.