Елорда жаңалықтары

Елорданың «Жанұя» орталығы 3000-ға жуық адамға тегін заңгерлік көмек көрсетті

Елордадағы «Жанұя» Отбасын қолдау орталығы қиын жағдайға тап болған әрбір отбасыға жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Мәселен орталықтың заң бөлімі азаматтарға өз мәселелерін заң аясында дұрыс шешуге көмектесіп, әлеуметтік әділеттілік пен теңдікке қол жеткізуге мүмкіндік береді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Заңгерлік бөлім азаматтарға тегін құқықтық кеңес беріп, талап-арыздар мен шағымдарды дайындауға көмектеседі. Сондай-ақ отбасылық және әлеуметтік дауларды сотқа дейін шешуге, медиативтік келісімдер жасауға қолдау көрсетеді.

Азаматтарды құқықтық қамтамасыз ету және заңгерлік көмек көрсету бөлімінің басшысы Ербол Есбұлғановтың айтуынша, қаңтар-тамыз айлары аралығында орталықта 2811 адамға заңгерлік және медиациялық көмек көрсетілген.

«Орталығымызға көпбалалы, толық емес отбасылар, мүмкіндігі шектеулі баласы бар жанұялар, сондай-ақ әлеуметтік және қаржылық қиындықтарға тап болған азаматтар жиі жүгінеді. Сонымен қатар тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған, жұмыссыз және әлеуметтік аз қамтылған отбасылар да заңды көмек алу үшін келіп жатады. Біз олардың өтініштерін қабылдап, құқықтық кеңес ұсынамыз, қажет болған жағдайда процессуалдық құжаттарды әзірлейміз және сотқа дейінгі құқықтық сүйемелдеу көрсетеміз»,- дейді Ербол Есбұлғанов.

Азаматтарды құқықтық қамтамасыз ету және заңгерлік көмек көрсету бөлімі мұқтаждар үшін құқықтық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етуге ұмтылады.

«Орталығымызда жиі қарастырылатын құқықтық мәселелердің қатарында алимент өндіру, некені бұзу, бала тұратын жер мен ата-анамен кездесу тәртібін белгілеу, ата-аналық құқықтарды шектеу немесе қалпына келтіру сияқты отбасы құқықтарына қатысты мәселелер бар. Сондай-ақ тұрғын үй, еңбек құқығы, әлеуметтік төлемдерге байланысты даулар, мұрагерлік құқық, қамқоршылық, қарызды қайтару, кредиттік міндеттемелер, құжаттау және құқықтық мәртебені айқындау сияқты түрлі құқықтық сұрақтар да жиі қарастырылады»,- дейді бөлім басшысы.

Сондай-ақ орталықта халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында ақпараттық жұмыстар жүргізіп, мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар мен адвокаттармен ынтымақтастық орнатады.

«Жанұя» орталығының заңгерлік бөлімі азаматтарға тегін, қолжетімді және сапалы құқықтық көмек көрсетуге арналған. Орталықта құқықтық көмекке қатысты ашық есік күндері, жиындар және мерекелік акциялар жиі ұйымдастырылып тұрады. Бөлім қызметкерлері Әділет департаменті, жеке сот орындаушылары мен адвокаттар алқасы өкілдерімен бірлесе отырып, әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырады»,- дейді Ербол Есбұлғанов.

Сонымен қатар «Жанұя» Отбасын қолдау орталығы психологиялық кеңес беру және қиын жағдайға түскен отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсету қызметтерін ұсынады.