Елорда жаңалықтары

Елорданың Қоғамдық кеңесі отырысында шаруашылық және әлеуметтік мәселелер талқыланды

Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің бүгінгі отырысында шаһардағы бірқатар шаруашылық және әлеуметтік мәселелер талқыланды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Алдымен қалалық Қаржы басқармасының басшысы Әліби Жұмаев Астананың 2024 жылға арналған бюджетінің орындалуы жөнінде есеп берді. Оның мәлімдеуінше, былтырғы бюджеттің орындалуы 99 пайызды құрады. Тек қана ірі жобаларға республикалық бюджеттен бөлінген қаржы ішінара игерілмеді. Бұл қаржы «бос қалдықтар» санатына енгізіліп, осы жылы игеріледі. Тиісті жобаларды іске асыру да – биылдың еншісінде.

Жиында елорданың су нысандарында су қорғау аймақтарын, белдеулерін және олардың шаруашылық пайдалану режимін белгілеу туралы қалалық Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының басшысы Дәулет Досқұлов баяндады. Соның ішінде индустриалды аймақты дамыту мәселесі қаралып, Ақбұлақ өзенінің су қорғау аймағын қысқарту ұсынылды. Бүгінгі таңда тиісті аймақ абаттандырылмаған. Егер оң шешім шығарылса, бұл мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобалары іске асырылып, қосымша инвестициялар құйылады. Басқарма басшысы бұл жағдайда қоршаған ортаға еш зиян тимейтінін ерекше атап өтті.

Отырыста қалалық Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға 2025-2029 оқу жылдарына арналған мемлекеттік білім беру тапсыры туралы мәлімдеді.

Астананың Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әлия Рүстемова елордада тіркелген ел азаматтарының жекелеген санаттарына амбулаториялық емдеу кезінде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі, соның ішінде дәрілік заттарды, арнайы емдік өнімдерді, медициналық бұйымдарды қосымша тегін беру жайында баяндады.    

Аманғали Қалжанов