Елорданың Қоғамдық кеңес мүшелері әлеуметтік кәсіпкерлік нысандары жұмысымен танысты
Астана қаласы Қоғамдық кеңес төрағасы Зулфухар Ғайыпов пен кеңес мүшелері бастаған арнайы топ елордадағы әлеуметтік кәсіпкерлік нысандарын аралады. Мұндағы мақсат – қала билігі тарапынан аталған салаға қандай көмек көрсетіліп жатқанын сараптау болып отыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Кеңес мүшелері алдымен «Нирвана» жеке кәсіпкерлігінің жиһаз шығаратын цехына аялдады. Мұнда үй бөлмелері мен асханаға, сондай-ақ дәмхана мен мейманханаға арналған үстелдер жиынтығы дайындалады.
Ал екінші нысан – GreenTAL әлеуметтік жобасы 2015 жылы құрылған. Оның басты міндеті – әлеуметік осал топтарға жататын азаматтарды оқыту және жұмысқа орналастыру. Яғни белгілі бір кәсіпке баулып (тігін, жиһаз жасау, баспа ісі), үйретіп отыр.
Ал Qadam special school балаларды түзету және оңалту орталығында 40-қа жуық бала сауықтыру шараларын алуда. Әрі мұнда 25 арнайы қызметкер бар. Орталық спорттық және академиялық бағытта жұмыс істейді. Мұнда аутистік спектр бұзылыстары бар 16 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер денсаулығымен педагогтер мен тренерлер тұрақты айналысып келеді.
«Біз әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту жұмыстарымен танысу үшін төрт нысанда болдық. Бұл мониторингтің мақсаты біреу-ақ. Қазір Астана қаласы әкімдігі әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуда көптеген қолдау жұмыстарын жүргізуде. Екіншіден, біз барған барлық кәсіпкерлік нысандарының аз қамтылған отбасы мүшелері мен мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа қабылдау сияқты жобалары бар. Бірақ біз әлі де осы салаға қолдауды көрсете беруге тиіспіз. Мысалы, 5 млн теңгеге дейін грант мәселесі шешіліп келді. Алдағы уақытта бұл қаржыны ұлғайту жөнінде кәсіпкерлер тарапынан ұсыныстар айтылды. Бұл мәселені кеңесте талқылап, келешекте оң жағына шешу жолдарын қарастырамыз. Бұған Астана қаласы бюджетінің мүмкіндігі жеткілікті деп ойлаймын», - дейді Қоғамдық кеңес төрағасы Зулфухар Ғайыпов.
Төрағаның сөзінше, әлеуметтік кәсіпкерлердің бизнес жобалары өте ерекше. Әрі бір-біріне ұқсамайды. Тек қолдауды үзбеу керек.
«Біздің әлеуметтік инновациялық хаб орталығымыз Орталық Азияда жоқ жоба екенін айтқым келеді. Мұнда тек ерекше жандарға арналған дүкен, әлеуметтік дәмхана, арнайы тренинг өткізетін зал, коворкинг, контент-студия ашылады. Бұйырса, тамыз айында ашылу салтанаты өтеді. Әлеуметтік сала бойынша кәсіпкерлікті дамытуға қолдау білдірген әкімдік мамандарына алғысым шексіз», - дейді әлеуметтік кәсіпкер Эмин Аскеров.
Ержан ҚОЖАС