Елорда жаңалықтары

Елорданың коммуналдық қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр

Елордада коммуналдық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Қала әкімдігінің мәліметінше, 7 қараша күні таңертең қала көшелерін қардан тазартуға 2000-нан астам жол жұмысшысы мен 750-ге жуық арнайы техника шықты.

Бірінші кезекте орталық көшелерде, жолаушылар көлігі маршруттарында, аялдамалар мен тротуарларда тазалау жұмыстары жүргізілуде.

Қалада бірнеше жабдықталған қар полигондары бар. Онда самосвал техникасының нөмірлік белгілерін оқу жүйесімен жабдықталған, бейнебақылау камералары орнатылған, жарықтандыру қосылған.

«Елорда тұрғындары мен қонақтарынан жолдарда абай болуды, қауіпсіздік ережелерін сақтауды, дауылды ескерту болған жағдайда алыс сапарлардан бас тартуды сұрайды»,- деп жазылған әкімдік хабарламасында.

«Қазгидромет» РМК мәліметінше, 7 қарашада Астанада қар, көктайғақ және боран болады. Синоптиктер оңтүстік-батыстан 23-28 м/с, кейде 30 м/с дейін жел соғады деп болжап отыр.