Елорданың дамуы үшін жеке инвестициялар тарту жұмыстары жалғасып жатыр
Бұл туралы Астана қаласы әкімі Жеңіс Қасымбек өзінің Instagram парақшасында жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Бұл қала экономикасының орнықты дамуын қамтамасыз етіп қана қоймай, тұрақты жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Мысалы, 2024 жылы қала экономикасына 2 трлн теңгеге жуық инвестиция тартылды, бұл 2023 жылғы көрсеткіштен артық.
Инвестициялық штаб отырысында инвесторлардың бірқатар ұсынысын қарадық. Мысалы, олардың қатарында металл конструкцияларын өндіретін және теміржол көлігіне сервистік қызмет көрсететін зауыттың, жиһаз дайындайтын өндірістік кешеннің, медициналық қолғап шығаратын зауыттың құрылысы бар.
Сондай-ақ, А+ класты көлік-логистикалық орталығын, 460 орындық балабақшаны, тыңайтқыштар мен пестицидтер өндіретін агрохимиялық кешенді және т.б. салуды қамтитын жобаларды қарастырдық. Жоғарыда аталған жобалар шамамен 1500 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді», - деді қала әкімі.
Сондай-ақ ол өңірлік инвестициялық штаб отырыстары тұрақты негізде өткізілетінін айтты.
«Жауапты басқармаларға инвесторлармен тығыз жұмыс істеуді және оларға жан-жақты қолдау көрсетуді тапсырдым», - деп жазды Ж.Қасымбек.