Елорданың ажарын сақтап жүргендердің жұмысы туралы не білеміз
Биыл сәуір айынан бастап «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» ауқымды экологиялық акциясы аясында елорда тұрғындары жалпықалалық сенбіліктерге қатысты. Олардың әрқайсысы бекітілген аумақты қоқыстан тазартып, ағаштардың түбін қопсытып, жасыл желектер отырғызды. Мұндағы мақсат – көпшілік арасында тазалық мәдениетін дәріптеу.
Бұл жұмысты ешқандай экоайлыққа қарамастан күнделікті атқаратын қаладағы мекемелердің бірі – «Астана Тазалық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Оның қызметкерлері күні-түні ауысым бойынша елорда көшелерін тазалап, оның ажары мен сәнін келтіріп жүр.
«Мен күн сайын таңғы сағат төртте оянамын да, автобуспен қалаға келемін. Сосын киімімді ауыстырып, қажетті құрал-саймандарымды алып, бекітілген аумақты сағат 6:00-ден бастап тазалауға кірісемін. Үстімізге киген киіміміз – жылы. Мұнда жұмыс істеп жүргеніме 8 жыл болды. Күн сайын таңғы алтыдан түскі үшке дейін жұмыс істейміз. Түскі ас уақыты сағат 10:00-ден 12:00-ге дейін. Жалақымыз ай сайын тұрақты түрде уақытында беріледі. Одан бөлек, компания тарапынан сауықтыруға ақша төленеді және мерекелерде сыйақылар болып тұрады», - деді көше тазалаушы Әлібек Жаманбаев.
Олар бекітілген әр аумақты тазалап, жиналған қарды арнайы көлікке тиеп, полигонға жібереді. Кейін өздері базаға барып, медициналық тексерістен өтеді. Одан соң демалады.
«Астана – Тазалық» – қаланың тазалығы мен жайлылығының кепілі. Еліміздегі ең ірі коммуналдық мекемелердің бірі саналатын компанияда 2 мыңға жуық қызметкер жұмыс істейді. Олардың қатарында жол жұмысшылары, арнайы техника жүргізушілері, инженерлік техникалық қызметкерлер бар. Компания қызметкерлерінің әрқайсысы шаһардың жайлы әрі таза болуы үшін күн сайын өз үлесін қосады.
«Мекемеде елорданы жазда күл-қоқыстан, қыста қардан, көктем мен күзде артық жиналған судан тазалау үшін 450-ден астам техниканы тізгіндейтін 700-ден астам көлік жүргізушісі, 500-ден астам жол жұмысшысы қызмет етеді», - деді «Астана – Тазалық» ЖШС өндірістік-техникалық бөлімінің басшысы Ержан Пашанов.
Бекітілген алгоритм бойынша қар жауғанда алдымен әлеуметтік нысандарға апарар, жаяу жүргіншілер жүретін, тұрғын үйлерге кіріп-шығатын жолдар, аялдармалар маңы, сондай-ақ басты көшелер тазаланады.
«Күн сайын мыңдаған қызметкеріміз 453 км ұзындықты алып жатқан 227 көшенің тазалығына жауапты. Бұл қалада тазаланатын аумақтың шамамен 40 пайызын құрайды. 1 қарашадан бастап жол тазалаушыларға күнделікті 1 мезгіл ыстық тамақ тегін беріледі. Сондай-ақ ауа райына байланысты қала маңында тұратындарға кәсіпорын тарапынан жатақхана қарастырылған. Одан бөлек, қызметкерлерімізге толық әлеуметтік пакет, оқыту біліктілігін арттыру, тасымалдау қызметтерін ұсынамыз», - деді бөлім басшысы.
Күнделікті қолына сыпырғыш, күрек ұстайтын тазалаушылардың еңбегі – ерең. Олар жаздың аптап ыстығында, қыстың шытынаған саршұнақ аязында, тіпті жауын астында да үздіксіз жұмыс істейді. Кез келген ауа райында тәулік бойы жұмысы тоқтамайтын, тыным таппайтын жұмысшылардың еңбегін бағалағанымыз жөн. Кәсіп иелеріне құрметпен қарап, шаһардың тазалығына бірге атсалысайық.
Сабина Кәкімжан