Елорда жаңалықтары

Елордалық жасөспірімдер ұлттық ойын түрлерінен сайысқа түсті

Елордада «Астана - есірткісіз қала» ұранымен жасөспірімдер ұлттық ойын түрлерінен сынға түсті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Елімізде есірткі мәселесі өршіп тұр. Бұл тақырыпқа тіпті Мемлекет басшысы да назарын аударып, Парламент төрінде де қызу талқыға түсті. Есірткі өнімін сататындар мен тұтынатындардың жолдарына тосқауыл қойылғанымен, оның әсері жасөспірімдерге де әсерін тигізіп жатыр. Денсаулық сақтау министрлігінің 2025 жылғы наурыз айындағы статистикасына жүгінсек, елімізде 7-17 жас аралығындағы 55 бала арнайы бақылау тізімінде тұр.

Аталған қауіпті індетпен күресу әрі ұлттық салт-дәстүрімізді насихаттау мақсатында елорда төрінде 10-15 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында спорттық іс-шара өткізілді.

«Біз бұл іс-шараны есірткі тақырыбына арнау арқылы қоғамда аса өзекті болып отырған проблемаға көпшіліктің назарын аударғымыз келді. Жастар арасында зиянды әдеттерге қарсы иммунитет қалыптастыру – біздің басты мақсатымыз. Есірткіге қарсы күрес – тек құқық қорғау органдарының емес, бүкіл қоғамның міндеті. Бұл санаттағы балалар – тәуекел тобына жататын, өмірлік бағытын енді анықтап жатқан жасөспірімдер. Біз оларды ерте жастан дұрыс бағытқа, салауатты өмір салтына бағыттағымыз келеді. Олардың бос уақытын тиімді өткізуге жағдай жасау – келешектегі қылмыстың, тәуелділіктің алдын алудың бір жолы», - деді Астана қаласы әкімдігінің Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясының маманы Гүлнұр Базарханова.

ІІМ деректері бойынша жыл басынан бері заңсыз айналымнан 3 тоннадан астам есірткі, оның ішінде 251 келі синтетика тәркіленді. Бұдан басқа, 69 есірткі зертханасы, оның ішінде 5 синтетикалық есірткі өндірісі жойылды. Есірткі бизнесінің қаржылық ағынына қарсы күресте шамамен 850 млн теңгеге 8 мыңға жуық шот бұғатталды. Есірткіге қарсы күрес тоқтаусыз жүргізіліп жатса да, Қазақстан әлемде есірткі өнімін көп тұтынатын ТОП-10 елдің қатарына кіріп тұр.

Осы орайда қоғам бұл мәселені шешумен түрліше айналысуда.

«Ұлттық спорт түрлері – тек физикалық шынығу ғана емес, ұлттық рух пен салт-дәстүрді бойға сіңірудің тамаша тәсілі. Олар жастардың патриоттық сезімін оятып, өз тамырынан қуат алуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл спорт түрлері есірткі мен басқа да зиянды әрекеттерден алыстаудың нақты баламасы бола алады», - деп Гүлнұр Базарханова бүгінгі шараның маңыздылығын түсіндірді.

Спорттық мереке барысында 50-ге жуық жас спортшылар асық ату, ләңгі тебу, арқан тартыс және «Көңілді старт» аясында өзара жарысты.